Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
8 мамыр күні Алматыда 10 адамнан тұратын қылмыстық топтың мүшелері ұсталды. Олардың арасында бұрын сотталған қылмыстық орта өкілдері де бар.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер мегаполисте жасалған бірқатар ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бар. Атап айтқанда, олар қару қолданылған бұзақылық, бопсалау, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, сондай-ақ қару-жарақ пен тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына күдіктелуде.
Полиция 21 санкцияланған тінту жүргізіп, заңсыз айналымнан едәуір көлемдегі қару-жарақ пен өзге де қауіпті заттарды тәркіледі. Күдіктілердің бірінің үйінен бірнеше атыс және травматикалық қару, кесілген мылтықтар, оқ-дәрілер мен Калашников автоматы табылған.
ІІМ мәліметінше, аталған автомат Қаңтар оқиғасы кезінде Жамбыл облысы полиция департаментінен ұрланған.
Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, соттың санкциясымен қамауға алынды.
Министрлік құқыққа қарсы әрекеттердің өзге де эпизодтарын және іске қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша тергеу және жедел іс-шаралардың жалғасып жатқанын хабарлады.