Алматыда әскери-техникалық мектептің курсанттары әскери ант берді

2 Желтоқсан 2023, 20:38
651
Бөлісу:
Алматыда әскери-техникалық мектептің курсанттары әскери ант берді
Фото: gov.kz

Салтанатты ант қабылдау рәсімінен кейін әскери-техникалық мектептің Алматыдағы филиалының жүз алпыс курсантына сертификаттар табыс етілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Соның негізінде Еgov сайтындағы олардың жеке кабинетінде әскери билеттің электрондық нұсқасы пайда болады.

Әскери-техникалық мектеп филиалының түлектері тылдық және техникалық қамтамасыз ету бейіні бойынша 40 күндік әскери дайындық бағдарламасынан өтті. Егер биыл филиал әскери техникаға қызмет көрсетуге және жөндеуге, далада тамақтандыруды, заттай қамтамасыз етуді және монша-кір жуу қызметін ұйымдастыруға байланысты он бір мамандық бойынша даярланған болса, болашақта олардың саны әскери, сонымен қоса азаматтық салада да 22-ге дейін артатын болады.

Әскери-техникалық мектепте оқу – азаматтарды әскери даярлаудың альтернативті нұсқасы. Әр түрлі себептермен он сегіз жасында мерзімді әскери борышын өтеуге шақырылмаған 24-27 жас аралығындағы жастардың оқуға және әскери билет алуға мүмкіндігі бар, – деп атап өтті «ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі» РМҚК Алматы филиалының директоры запастағы полковник Мирас Жылгелдин.

Қазақстан Президентінің жастарды жұмыспен қамту туралы тапсырмасы осылайша іске асырылуда. Әскери-техникалық мектепте оқығаннан кейін жастар күштік құрылымдарға қызметке орналасуға немесе азаматтық сектордағы компаниялар мен ұйымдарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

Әскери-техникалық мектептің оқытушылар құрамына осындай оқу курсын ұйымдастыруда көрсеткен кәсіби шеберліктері мен біліктіліктері үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Мұнда мен пулеметші ретінде әскери есеп мамандығын алдым. Алдағы уақытта алдыма әскери қызметші болам деп мақсат қойып отырмын, – деді курсант Ерасыл Жұбандықов.

Жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері жылына жеті рет әскери-техникалық мектептерге курсанттар іріктеуді жүзеге асыратынын айта кеткен жөн. Жыл сайын бұл мектептің Алматы филиалы 700-ден аса адамды оқытып шығарады.

Өзгелердің жаңалығы