Алматыда арық желілері мен нөсер кәріз жүйелерін жаңарту және қайта құру жұмыстары жалғасуда. Қаладағы арық жүйесінің жалпы ұзындығы 1 525 шақырымды құрайды.
2021 жылдан бері су бұру инфрақұрылымын жаңғыртуға жалпы құны 16,5 млрд теңге болатын үш жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда орталық бөліктегі жұмыстар толық аяқталып, 76,6 шақырым желі жаңартылды. Шығыс және батыс аудандардағы жұмыстар биыл аяқталуы жоспарланған.
Мамандар жауын-шашын кезеңінде арықтар мен нөсер кәріздерінің жұмысын күшейтілген бақылауда ұстап, су өткізу желілерін тұрақты тазалап отырады.
Соңғы жылдары Алматыда қысқа уақытта мол жауын жауу жиілеген. Кейде бір-екі сағат ішінде айлық норманың жартысына дейін жауын түсуі мүмкін. Тығыз құрылыс пен асфальт жамылғысы да су бұру жүйесіне қосымша жүктеме түсіріп отыр.
Су басу қаупін азайту үшін аудан әкімдіктері мен коммуналдық қызметтер проблемалы учаскелерді тұрақты бақылап, кезең-кезеңімен жаңғырту жобаларына енгізіп келеді.