Алматыда әнші Роза Бағлановаға ескерткіш қойылды

15 Сәуір 2022, 17:50
2313
Бөлісу:
Алматыда әнші Роза Бағлановаға ескерткіш қойылды
PHOTO

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының Халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында Алматыда әншіге арнап ескерткіш қойылды.

Ескерткіштің ашылу салтанатына қала әкімі Ерболат Досаев, Қазақстанның Еңбек Ері, театр және кино актері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері Әлібек Дінішев, Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, мәдениет қайраткері Қуаныш Әбдіқалымов, филолог әрі ақын Аққұштап Бақтыгереева, әншінің туғандары мен жақындары – ұлы Тәжен Бағланов пен келіні Марал қатысты.

Ескерткіш Медеу ауданындағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы ғимаратының алдына қойылды. Роза Бағланова 1949-1960 жылдары филармония қабырғасында өнер көрсеткен.

Биіктігі 4,8 метр болатын ескерткіш қола және граниттен жасалған.  Әншінің ескерткішін мүсінші Д.Ағзамов, У.Ақжолтай, А.Жамхан, А.Қабыл жасап шығыпты.

Ескерткішті ашу рәсімі барысында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Роза Бағланованың қазақ халық музыкасы мен Қазақстан композиторларының шығармашылығын дамытуға және насихаттауға қосқан баға жетпес зор үлесін атап өтті.

Алматыда әнші Роза Бағлановаға ескерткіш қойылды

Біздің ұлы әншіміз Роза Бағлановаға ескерткіш орнату – оның мұрасын құрметтеу және есте сақтау. Ол музыка өнерінің шырқау биігіндегі жарық жұлдыз болды. Оның ерекше дауысы мен таланты біздің халқымыздың баға жетпес құндылығына айналды. Әншінің сүйікті қаласы – Алматыда 100 жылдық мерейтой аясында Роза Бағланованың есімін мәңгі есте қалдыру үшін ескерткіш орнатқанымызға  шексіз қуаныштымын, – деді Ерболат Досаев.

Сондай-ақ бүгін Роза Бағланованың 100 жылдығына орай Республика Сарайында «Ақмаңдайлым» атты мерекелік концерт өтті. Онда аты аңызға айналған әншінің репертуарындағы әндерді танымал қазақстандық әртістер орындады.
 

Өзгелердің жаңалығы