Алматыда АИ-95 маркалы бензиннің литрі 385 теңгеден сатылды

23 Тамыз 2023, 11:42
1403
Бөлісу:
Алматыда АИ-95 маркалы бензиннің литрі 385 теңгеден сатылды
Фото: автордан - архив

Алматылық тұрғындар 22 тамыз күні 255 теңге тұратын АИ-95 маркалы бензиннің «Газпромнефть» жанармай құю станциясында 385 теңгеден сатылғанына наразы, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі. 

Күні кеше қаланың жанар-жағармай құю бекеттерінде бензиннің бағасы көтерілгені халықты алаңдатты. Көлік жүргізушілері кеше АИ-95 маркалы бензинді 255 теңгеге таба алмаған. Атап айтқанда, мұндай жағдай Төле би мен Тілендиев көшелерінің қиылысында, сондай-ақ Domillion сауда үйіне қарама-қарсы Саин көшесінде орналасқан филиалдарында байқалған.

Аталған жағдайға орай түсінік берген Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі «Газпромнефть» ЖҚС желісінде АИ-95 маркалы бензиннің тапшы екенін растады. Бұл Алматыдағы 19 филиалдың 17-сінде байқалған.

G-Drive-95 маркалы бензин бағасы қала бойынша 19 жанармай құю станциясының 17-сінде 385 теңгеге дейін өсті. Бұның себебі АИ-95 маркалы бензин Ресейдің Омбы қаласынан әкелініп, сатылып жатқанына байланысты. Бұған дейін G-Drive-95 бағасы 252 теңгені құрады, өйткені сатып алу жергілікті МӨЗ-ден жүргізілді, – деп түсіндірді әкімдіктегілер. 

Литрі 255 теңге АИ-95 маркалы бензин тек «Ақсай 1а, 2» шағынауданы, Тілендиев көшесі, 84, Әшімов көшесі, 179 мекенжайлары бойынша желінің үш ЖҚС-да (жергілікті МӨЗ өнімі) сатылады.

Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы ҚТЖ және ЖҚС желілерімен бірлесіп, АИ-95 бензинінің және басқа да отын түрлерінің бағасына мониторинг жүргізеді. Басқа өңірлерде вагондардың тоқтап қалуына байланысты мәселелерді жедел пысықтайды. 22 тамыздағы жағдай бойынша, ірі желілік ЖҚС-да (Sinooil, Helios, Qazaq Oil, «Газпром», Petrol Asia), сондай-ақ қаланың мұнай базаларында шамамен 3,3 мың тонна АИ-95 маркалы бензин бар, тағы 7,6 мың тонна жолда (2-3 күнде келеді деп күтілуде), – деді Алматы қаласының әкімдігінде.

Өзгелердің жаңалығы