Алматыда ағаштарды кесу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды

27 Қазан 2026, 14:56
АВТОР
 ©️BAQ.KZ коллажы 27 Қазан 2026, 14:56
27 Қазан 2026, 14:56
126
Фото: ©️BAQ.KZ коллажы

Алматының Бостандық ауданында ағаштардың кесілуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Әлеуметтік желі қолданушысы қаладағы ағаштардың жаппай кесіліп жатқанын айтып, наразылық білдірген. Оның болжамынша, бұл аумақта жаңа тұрғын үй кешені салынуы мүмкін.

Қандай әдемі ағаштарды кесіп жатыр! Мұнда тағы бір тұрғын үй кешенін салмақшы секілді. Қалаға көрік беріп, ауаны тазартып тұрған ағаштар осынша жылдан кейін неге кесілуі керек? Бұл - нағыз жабайылық, - деп жазды ол.

Әкімдік не дейді?

Бостандық ауданы әкімдігінің мәліметінше, ағаштар кесілген аумақ жеке меншікте орналасқан. Сонымен қатар табиғат қорғау полициясы келтірілген залал көлемін анықтау үшін Экология басқармасына ресми сұрау жолдаған.

Бостандық ауданының полиция басқармасы ағаштарды кесу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады, - деп хабарлады аудан әкімдігі.

Қазір келтірілген экологиялық залалдың көлемі анықталуға тиіс. Ағаштардың қандай себеппен кесілгені және аумақта қандай құрылыс жүргізілетіні туралы қосымша ақпарат әзірге берілген жоқ.

Наверх