Алматыда 97 әлеуметтік нысан мүгедектігі бар адамдарға толығымен бейімделді

6 Қараша 2023, 11:00
527
Бөлісу:
Алматыда 97 әлеуметтік нысан мүгедектігі бар адамдарға толығымен бейімделді
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында Алматы облысында 116 әлеуметтік инфрақұрылым нысан бейімделді, оның ішінде 97 нысан ерекше қажеттіліктері бар адамдардың барлық санаттарына толықтай сәйкестендірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде 2027 жылға дейін Қазақстан Республикасында мүгедектігі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар, «Аманат» партиясының Жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Кедергісіз келешек» жобасы іске асырылуда.

Жобада қол жетімділіктің интерактивті картасы сайтына енгізілген ел бойынша бейімделуі тиіс 35 мыңнан астам басым объектілер айқындалды. 2021-2022 жылдары 8 мыңнан астам нысан бейімделді. 2023-2027 жылдар кезеңінде жыл сайын кемінде 5 мың объект (5 жылда 27 мың) бейімделуге тиіс. Осы жылдың 1 қарашадағы жағдай бойынша 2021-2022 жылдарды қоса алғанда, 11 261 нысан бейімделді.

Алматы облысында 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін 1294 нысанды бейімдеу көзделген. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар 2023 жылға бейімдеуге жоспарланған 127 нысанның 116-сында бейімдеу іс-шараларын жүргізді.

Еңбекмині Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Алматы облысы бойынша аумақтық департаменті (бұдан әрі – Департамент) жүргізген бақылаудан кейінгі тексерулер барысында 97 нысанның толық бейімделгені расталды.

Мәселен, өңірде мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттарына қол жетімді:

- білім беру нысандары – 57 (жалпы білім беретін орта мектептер);

- мәдениет нысандары – 20 (мәдениет үйлері және ауылдық клубтар);

- спорт нысандары – 5 (спорт мектептері мен спорт кешендері);

- денсаулық сақтау нысандары – 15 (аудандық және қалалық ауруханалар);

19 нысан ішінара бейімделген деп танылды, олар бойынша қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі заңнама талаптарының 93 бұзушылығы анықталды: есту қабілеті бұзылған адамдар үшін – 12, көру қабілеті бұзылған адамдар үшін – 30, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар үшін – 31, кресло-арбамен қозғалатын адамдар үшін – 20.

Сондай-ақ, 2023 жылдың соңына дейін 11 нысанды бейімдеу жоспарлануда.

Бұдан басқа, мемлекеттік бақылау аясында Департаментпен мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және т.б. салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 77 тексеру жүргізілді, оның 27-сі жоспардан тыс тексеру және 50-і профилактикалық бақылау шеңберінде болды.

Тексеру қорытындысы бойынша объектілердің басшылығына анықталған бұзушылықтарды жою туралы 75 ұйғарым беріліп, 3,6 млн теңге сомасына 44 әкімшілік айыппұл салынды.

Нысандардың меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, жою туралы нұсқамалар ғана берілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.

Өзгелердің жаңалығы