Алматыда 5 жасар баланың жұлынып қалған саусағы қалпына келтірілді

10 Қыркүйек 2026, 19:08
АВТОР
 № 2 балалар қалалық клиникалық ауруханасы 10 Қыркүйек 2026, 19:08
10 Қыркүйек 2026, 19:08
141
Фото: № 2 балалар қалалық клиникалық ауруханасы

Алматы қаласындағы № 2 балалар қалалық клиникалық ауруханасында толық жұлынып қалған саусақты реплантациялау бойынша аса күрделі микрохирургиялық ота жасалды. Дәрігерлер 5 жасар баланың шынашағының қан айналымы мен өміршеңдігін толықтай қалпына келтірді.

Баланың саусағын қақпа жұлып кеткен

Баланың ата-анасының айтуынша, ол көшеде ауыр жарақат алған: шынашағы темір қақпаның арасында қалып қойып, салдарынан саусақ түбінен жұлынып кеткен. Жұлынған бөлік баламен бірге дереу ауруханаға жеткізілді.

Науқас түскен бетте оны кезекші мамандар бригадасы, соның ішінде травматология бөлімшесінің меңгерушісі және микрохирург қарап шықты.

Шұғыл ота жасалды

Жарақаттың ауырлығы мен тіндердің өміршеңдігін қалпына келтіруге берілген уақыттың шектеулі екенін ескере отырып, дәрігерлер шұғыл түрде ота жасау туралы шешім қабылдады.

№ 2 БҚКА травматология бөлімшесінің меңгерушісі Ерлан Садырбалин бұл ота бүкіл командадан жоғары дәлдік пен үйлесімді жұмысты талап еткенін атап өтті.

Бұл бүкіл командадан шұғыл әрі үйлесімді әрекетті, ерекше дәлдікті талап еткен күрделі жағдай болды. Өйткені мұнда диаметрі бірнеше миллиметрден аспайтын тамырлар мен жүйкелерді қалпына келтіру туралы сөз болып отыр. Жұлынған бөлік өңделіп, арнайы сақтаушы ортаға орналастырылды. Қанның реологиялық қасиеттерін жақсартуға бағытталған ота алдындағы дайындық жүргізілді. Осыдан кейін бала отаға алынды, - деді Садырбалин.

Медициналық микроскоптың көмегімен жасалған ота төрт сағатқа созылды. Хирургтер зақымдалған қан тамырлары мен жүйкелерді қалпына келтіру үшін қарапайым көзбен көруге келмейтін аса жіңішке хирургиялық жіптерді пайдаланды.

Мамандар диаметрі небәрі 1 мм болатын артерияны, сіңірлерді, жүйке мен көктамырды қалпына келтірді. Бұл жұлынған бөліктің қан айналымын қалпына келтіруге және оның өміршеңдігін сақтап қалуға мүмкіндік берді.

МӘМС арқылы емделді

Баланы емдеу Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жүргізілді. Балалар – мемлекет сақтандырған азаматтар санатына жатады.

Алматы қаласындағы № 2 балалар қалалық клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияров мұндай жарақаттардан кейін әр минуттың шешуші мәні бар екенін баса айтты.

Емдеудің сәтті шығуы мамандардың жұмысы мен өзара іс-қимылының нақты ұйымдастырылуына, медициналық көмектің жедел көрсетілуіне, жұлынған сегменттің дұрыс тасымалдануына тікелей байланысты. Балалардың жұлынған аяқ-қол сегменттерін реплантациялау – реконструктивті және микрохирургиялық көмектің ең күрделі бағыттарының бірі. Мұндай оталар бүкіл медициналық команданың жоғары біліктілігін талап етеді және біздің ауруханада көрсетілетін мамандандырылған көмектің жоғары деңгейін растайды, - деп атап өтті Марат Рабандияров.

Отадан кейін бала № 2 БҚКА мамандарының бақылауында болды. Дәрігерлер ауыстырып салынған сегменттің бітіп кетуі мен қолдың қызметін қалпына келтіру жұмыстарын қадағалады.

Наверх