Алматыда 33 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар

5 Наурыз 2022, 14:05
1547
Бөлісу:
Алматыда 33 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда 33 399 көпбалалы отбасы тұрады. Олардың 4885-і «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері. Бұл туралы Алматы қаласы «Бақытты отбасы» орталығының басшысы Зүлфия Байсакова ӨКҚ алаңында өткен брифингте айтты.

Айта кетсек, қалада бірнеше жылдан бері көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың өмір сапасын арттыруға және қиын жағдайдан шығуына қолдау көрсететін «Бақытты отбасы» бағдараламасы жұмыс істеп келеді.

З. Байсакованың айтуынша, бұл орталықтарда аналарға заң жағынан кеңес беріледі, психологиялық көмек көрсетіледі, оған қоса олардың жұмысқа тұруына қолқабыс етеді.

Аналарға  көмек көрсетуге бағытталған бұл модель өте тиімді, өйткені онда әйелдердің жаңа кәсіпті игеруіне арналған «Іскер ана» жобасы бар. Сондай-ақ, аналар Кәсіпкерлер палатасында арнайы курстардан өтеді. Соның арқасында көптеген ана өз бизнесін ашып, қазір сәтті жұмыс істеп жатыр. Көбі азық-түлік өндірісі, тігін, аспаздық бойынша өз істерін ашты,-дейді ол.

Оның айтуынша, көпбалалы аналардың ең көп бөлігі Алатау ауданында тұрады. Сондықтан онда «Бақытты отбасы» орталығынан бөлек дәстүрлі қолөнер орталығы да ашылған.

Бұл орталықтарда 12 мыңнан астам адам оқыту курсынан өтті. Мыңдаған адам өз ісін ашу үшін қайтарымсыз грант алды. Сондай-ақ осы орталықтардың басшыларының өзі де көпбалалы аналар екенін айта кету керек. Олар көпбалалы аналардың проблемасын жақсы біледі және олармен тығыз байланыста жұмыс істеп, дұрыс бағыт көрсетуде,-деді Байсакова. 
 

Өзгелердің жаңалығы