Алматыда 31 мыңнан астам азамат үй кезегінде тұр

20 Қыркүйек 2021, 16:29
6177
Бөлісу:
Алматыда 31 мыңнан астам азамат үй кезегінде тұр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Кеше Алматыда Қала күніне орай Бақытжан Сағынтаев көпбалалы аналарға пәтер кілттерін табыстады. Қаланың Наурызбай ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көпбалалы аналарға деп үш бөлмелі 227 пәтер салынды. 

Бұл туралы Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқарма басшысының орынбасары Ермек Әміров Өңірлік коммуникация қызметі алаңында өткен брифингте айтты.

Оның айтуынша, көпбалалы отбасыларға деп салынған үйдің кілті кеше Қала күнінде табысталған. Бұл пәтерлер көпбалалы отбасыларға кезек тәртібімен беріліп отыр. 

Қалада халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету белсенді жүргізілуде. Бүгінде тұрғын үй кезегінде 31 мыңнан астам азамат тұр, олардың 20 мыңнан астамы әлеуметтік жағынан осал топқа жатады. Елбасының тапсырмасымен тұрмысы төмен азаматтарды тұрғын үймен қамту бойынша «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Оған көпбалалы, толық емес отбасы және мүгедек баланы асыраушылар кіреді, - дейді Әміров.
Үш жыл ішінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 634 отбасы банкте өз төлем қабілеттілігін растап, баспаналы болған. Сонымен қатар биыл жергілікті бюджеттен осы бағдарламаға 3,3 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінген. Осылайша, жоспарланған 790 пәтердің саны 1013-ке артыпты. 
Сондай-ақ көпбалалы отбасылар, мүгедек баланы асыраушылар және жетім балаларға «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен арнайы 2 млрд теңге бөлінді. Ол әр адамға 1 млн теңгеден, яғни 2 мың адамға пәтерінің алғашқы жарнасы ретінде беріледі. Қазір 1 млн теңгелік сертификаттарды табыстау жұмысы жүргізіліп жатыр, - дейді басқарма басшысы. 
Оған қоса «Алматы Жастары» бағдарламасы аясында былтыр 1003 жас отбасы баспаналы болған. Биыл да үймен қамту сол деңгейде болмақ. Қазіргі уақытта 780 пәтер берілген. Ал жұмыс істейтін жастарға биыл 1050 пәтер беру жоспарланып отыр.

Бұған дейін кеше Алматыда Қала күнін атап өту барысында ең жасыл аула анықталған болатын.
Өзгелердің жаңалығы