Алматы, BAQ.KZ. Алматыда 1989 жылы мамыр айында «Алматы-2» станциясында болған өртті сөндіру кезінде көз жұмған құтқарушыларды еске алды, деп хабарлады Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
«Осыдан отыз жыл бұрын 1989 жылғы 20 мамырда Алматы қаласында ең ірі техногендік сипаттағы апат орын алды. Ондаған құрбандар, өртенген үйлер мен қираған техника. Бұл өртті сөндіру динамикасы өрт ісі бойынша барлық оқулыққа енгізілген. «Алматы-2» теміржол вокзалының кіреберіс жолдарында екі маневрлік тепловоздар соқтығысқан. Салдарынан газ толтырылған 6 цистернаның біреуі зақымданып, нәтижесінде өрт пайда болады. Жалындаған өрт екінші цистернаны қыздырып жібереді. Қатты қызу салдарынан жойқын газ жарылысы орын алды. Үш жүз метрге дейін көтерілген өртті шар маңайындағыларды толықтай жауып тастады», - деп еске алады Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері.
Өрт сөндірушілер батырлығы мен батылдықтарының арқасында, жеке құрамдағы қайтара алмайтын шығындарға қарамастан, газ толтырылған төрт цистернаны қауіпсіз жерге апарып, оқиға орын алған жерге жақын орналасқан үй-жайларды өрттен қорғап, қаламыздың көптеген азаматының өмірлерін сақтап қалды.
«Алайда, бұл жеңіс оңайлықпен келмеді – тілсіз жаудан біздің 9 әріптестеріміз өрттен алған күйіктердің салдарынан қайтыс болды. Олар өздерінің кәсіби міндеттерін мүлтіксіз орындады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен жойқын өртті сөндіру кезіндегі жанқиярлық әрекеттері, батылдық пен ерліктері үшін батырлар И.Ф. Сафарғалиев, Р.С. Қасымов, С.К. Әлімтаев, И.А. Абдранов, Ф.А. Шәріпов, К. Аккулов, Е.К. Ысқақов, В.В. Никуленко және М.И. Мәліковке қайтыс болғаннан кейін Қызыл Жұлдыз Ордені берілді», - деді ведомстводағылар.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар Департаментінде қалыптасқан дәстүр бойынша жыл сайын 20 мамырда Алматы-2 темір жол вокзалының кірме темір жолдарындағы өртті сөндіру кезінде қаза болған өрт сөндірушілерді еске алу құрметіне арналған шарада жаңадан жұмысқа қабылданған өрт сөндіруші-құтқарушылар салтанатты түрде ант қабылдайды. Биыл Алматы гарнизонының 64 жас қызметкері ант қабылдады.
Салтанатты рәсім барысында Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы құттықтау сөзін азаматтық қорғау қызметі қатарына қабылданған жас толқынға арнады. Сонымен қатар, қаза болған батырлардың рухына арнап бір минут үнсіздік жарияланды.
«Қаза болған өрт сөндіруші батырлардың жасаған ерліктері Алматы гарнизонының өрт-құтқарушылары үшін мәңгілік қызмет көрсету үлгісі болып қала береді», - деді ТЖД өкілдері.
Іс-шараға өртке қарсы қызмет ардагерлері, сондай-ақ қаза болған өрт сөндірушілердің балалары мен туыстары қатысты.