Алматыда 1 миллионнан астам адам референдумға қатысу құқығына ие

23 Мамыр 2022, 11:25
1353
Бөлісу:
Алматыда 1 миллионнан астам адам референдумға қатысу құқығына ие

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Өңірлік коммуникация алаңында республикалық референдумға дайындық тақырыбында өткен брифингте айтылды.

Алматы қалалық референдум комиссиясының төрайымы Жанна Асанова қалада 8 референдум комиссиясы қызмет ететінін және 574 референдум учаскесі тағайындалғанын мәлімдеді.  4938 адам референдум учаскесінде жұмыс істейді, ал аудандық комиссияларда 62 адам бар. Жалпы алғанда 5 мың адам комиссия мүшесі ретінде референдум науқанына қатысады екен. 

20 мамырдан бастап учаскелік сайлау комиссиялары өз қызметтерін бастады. Қазір жұртшылық тарапынан «учаскемді қалай табамын, тізімнен өзімді қалай табамын?» деген сұрақтар көп. Ол үшін арнайы байланыс орталығы ашылды. Естімеген адамдар болса 338-45-45 нөміріне хабарласып сұрақтарына жауап ала алады. Одан бөлек телеграмм-каналында арнайы бот ашылған, ол жерде ЖСН енгізу арқылы учаскеңізді біле аласыз. Егер референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізімінен өзіңізді таппасаңыз, арнайы байланыс телефон нөміріне қоңырау шалып, анықтауға болады,-деді ол.

Алматы қалалық референдум комиссиясы төрайымының орынбасары Айгүл Қалықованың айтуынша референдумға қатысатын азаматтар тізімі алдын ала жасалған. 20 мамырдағы жағдай бойынша 1 млн 100 мыңнан астам адам референдумға қатысу құқығына ие екен.

Егер референдум кезінде азамат қалада болмайтын болса, ол алдын ала жергілікті учаскесінен тіркеу куәлігін ала алады. Онымен еліміздің кез келген жерінде референдумға қатыса алады. Тек Алматыдағы өзге аудандарда қатыса алмайды, яғни Бостандық ауданында тіркеуде болса, Жетісу ауданына барып дауыс бере алмайды.  Міндетті түрде өз ауданына бару керек. Ауырып жатқан немесе ауырып жатқан адамға қарап шыға аламай отырғандар үйге тапсырыс бере алады. Ондай өтініштер 20 мамырдан 5 мауысымға дейін қабылданады,-деді Қалықова. 

Өзгелердің жаңалығы