Алматы, BAQ.KZ. Алматы қалалық зообағында Лаура атты кенгуру төлдеді. Лаураның Марат атты жұбы бар. Бұл туралы зообақ ұжымы Instagram парақшасында жазды.
Кенгурудың дәл қай күні туғанын анықтау қиын болып тұр. Себебі, кенгуру төлі өте кішкентай, көлемі небәрі 25 мм болады. Ол туа салып, анасының қалтасына өрмелеп шығып, сонда жарты жыл бойы өсіп-жетіледі. Кішкентай кенгурудың өмірге келгенін зообақ қызметкерлері анасының жүріс-тұрысы, мінез-құлқынан байқап, түсінген.
Кішкентай кенгуру шамамен қаңтарда туған. Бірақ, біз оны тек наурызда ғана, анасының қалтасынан басын шығара бастаған кезде байқадық. Бұл - Лаура мен Мараттың төртінші төлі. Олар сусиырларға қарама-қарсы қоршауда тұрады. Кішкентай кенгуруды дұрыстап қарап, жынысын анықтауымыз керек. Оның есімін әлі қойған жоқпыз. Өз ұсыныс-нұсқаларыңызды жолдап, жазбаларыңызда пікір қалдырыңыздар. Кенгуруға қарайтын киперлер ұнаған есімді өздері таңдап алады, - делінген хабарламада.