Алматы жыл бойы тау курортына айналуы мүмкін

Бизнес өкілдері мен сарапшылар Алматы тау кластерін дамыту мәселесін талқылады.

Бүгiн 2026, 16:40
АВТОР
 Алматы төтенше жағдайлар департаменті Бүгiн 2026, 16:40
Бүгiн 2026, 16:40
102
Фото: Алматы төтенше жағдайлар департаменті

Алматы қаласында «Алматыбасжоспары» ҒЗИ алаңында еліміздегі ең ірі туристік инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Алматы тау кластері мен «Almaty Superski» жобасының даму перспективаларына арналған кеңес өтті. Іс-шараны «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. 

«Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев өз сөзінде тау кластерін дамытуға жүйелі тәсіл қажет екенін атап өтіп, оның ел экономикасы мен туризм саласының ұзақмерзімді дамуы үшін стратегиялық маңызын ерекше айтты. 

Изображение
Изображение

Алматы тау кластерін дамыту – жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес, туризмнің, бизнестің және жұмыспен қамтудың тұрақты өсімін қамтамасыз ете алатын жаңа экономикалық модель қалыптастыру. Алматының кәсіпкерліктің басты орталығы әрі Орталық Азиядағы туристерді тартатын негізгі нүкте ретіндегі мәртебесін нығайту қажет, – деді Палата басшысы.

Кеңес барысында Алматы қаласы туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова Алматы тау кластерін дамыту тұжырымдамасын таныстырды. Жоба бірыңғай өзара байланысқан инфрақұрылым қалыптастыруды, жыл бойғы туристік ұсыныстарды дамытуды, сервис пен қауіпсіздік деңгейін арттыруды, сондай-ақ әртүрлі рекреациялық аймақтарды ортақ жүйеге біріктіруді көздейді.

Almaty Superski жобасы

Талқылаудың негізгі элементтерінің бірі – «Almaty Superski» жобасы. Жоба халықаралық деңгейдегі заманауи жыл бойғы туристік инфрақұрылым қалыптастыруға және Алматыны Орталық Азиядағы тау туризмінің орталығы ретінде дамытуға бағытталған.

Ұсынылған материалдарға сәйкес, жоба аясында 1022 гектар аумақта инфрақұрылымды дамыту, 17 аспалы көтергіш салу, әртүрлі күрделілік деңгейіндегі 60 шақырымнан астам шаңғы трассасын жасау, сондай-ақ көлемі 20 гектар болатын заманауи тау ауылын салу жоспарланған. Ал Алматы тау кластерін дамытудың жалпы тұжырымдамасы 30-ға дейін аспалы жол салуды, жалпы ұзындығы шамамен 151 шақырым болатын тау шаңғысы трассаларын дамытуды және тәуліктік қамту қабілетін 30 мың адамға дейін арттыруды қамтиды.

Жобаның жыл бойы пайдалануға бағытталғаны ерекше атап өтілді. Қысқы туризмнен бөлек, хайкинг бағыттарын, веложолдарды, маунтинбайк инфрақұрылымын дамыту, заманауи визит-орталықтар құру және тауда бірыңғай қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру қарастырылған.

Экология және баланс

Презентация барысында жоба әзірлеушілері экологиялық тұрақтылық мәселесіне ерекше назар аударды. Жобаны дайындау кезінде экология, гидрология, зоология, топырақтану және табиғатты тұрақты пайдалану салаларындағы ғылыми институттар мен сарапшылармен бірлескен жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды. Ұсынылған тәсілдер туристік ағындарды басқаруды, ұйымдастырылған инфрақұрылымды дамытуды және тау экожүйесіне түсетін антропогендік жүктемені азайтуды көздейді. Бұл туризмді дамыту мен өңірдің табиғи ортасын сақтау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Almaty Superski – Алматы туризмін жаңа деңгейге көтеруге тиіс стратегиялық жоба. Бұл тек тау курортын салу емес, халықаралық деңгейдегі заманауи жыл бойғы туристік экожүйе құру барысындағы бастама. Қазақстан үшін бұл туристерді, инвестицияларды тартатын және халықаралық спорттық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік беретін жаңа орталық қалыптастыру тәсілі. Курорт кеңістігі жасына және физикалық мүмкіндігіне қарамастан, әр адамға қолжетімді әрі ыңғайлы болады, – деп атап өтті Kazakh Tourism Development бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев.

Экономикалық әсер

Талқылаудың елеулі бөлігі жобаны жүзеге асырудың әлеуметтік-экономикалық әсеріне арналды. Ұсынылған бағалауларға сәйкес, 2028 жылға қарай ішкі туристер саны 1,7 млн адамнан 3,4 млн адамға дейін, ал шетелдік туристер саны 600 мыңнан 2,5 млн адамға дейін өсуі мүмкін. Бұл өз кезегінде туризм саласындағы жұмыспен қамтуды 89,4 мың адамнан 119 мың адамға дейін арттыруға және салық түсімдерін 91,5 млрд теңгеден 185,9 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Кеңеске қатысушылар соңғы жылдары Орталық Азия елдері тау туристік инфрақұрылымын дамытуға белсенді инвестиция салып жатқанын да атап өтті. Өзбекстан мен Қырғызстандағы заманауи курорттар тұрақты туристік ағын қалыптастырып, шетелдік қонақтарды тартатын орталықтарға айналып келеді. Осы тұрғыда Алматының ірі туристік әрі көлік хабы ретіндегі әлеуетін ескере отырып, Қазақстанда да осындай инфрақұрылымды жедел дамыту қажеттігі тілге тиек етілді.

Неліктен бұл маңызды

Кездесуге қатысушылардың пікірінше, Алматы тау кластерін дамыту шағын және орта бизнес үшін маңызды драйверге айналып, қонақжайлылық, қоғамдық тамақтану, көлік, сервистік қызметтер мен цифрлық шешімдер саласында жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар жоба экономиканы әртараптандыру және шикізаттық емес салаларды дамыту жөніндегі мемлекеттік басымдықтарға сәйкес келеді.

Сонымен бірге қатысушылар мұндай инфрақұрылымдық бастамаларды жүзеге асыру қоғамдық талқылаумен қатар жүретінін атап өтті. Осыған байланысты аумақты дамыту барысында экономикалық, экологиялық және әлеуметтік аспектілерді ескеретін теңгерімді тәсілдің маңыздылығы айтылды.

Изображение
Изображение

Жалпы, кездесу Алматы тау кластерін Алматының инвестициялық тартымдылығын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және Қазақстанның халықаралық туристік нарықтағы позициясын нығайтуға қабілетті ұзақмерзімді жоба ретінде дамыту перспективалары жөніндегі ортақ түсінік қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Наверх