Алматы ТЖД-і өрттің алдын алуға бағытталған акция өткізіп жатыр

5 Қаңтар 2021, 19:13
1684
Бөлісу:
Алматы ТЖД-і өрттің алдын алуға бағытталған акция өткізіп жатыр

Алматы, BAQ.KZ. Алматы ТЖД-сі еріктілердің қатысуымен «Көмек қолы» акциясын өткізуде. 

Алатау және Наурызбай аудандарының Төтенше жағдайлар басқармалары аудандық әкімдіктермен бірлесіп, 2020-2021 жылдардағы жылыту маусымында адамдардың шығынына жол бермеу мақсатында «Көмек қолы» акциясы арқылы еріктілердің қатысуымен халықтың әлеуметтік осал топтарының отбасыларына атаулы әлеуметтік көмек көрсетеді. 

Көмірмен жылытылатын тұрғын үйлерде мұржаларды тазарту, пештерді жөндеу жұмыстары ұйымдастырылған. Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасына «ҚазТрансгаз Аймақ» қызметкерлері де қосылды. Олар еріктілермен бірге қатты отын пештерін қалай дұрыс пайдалану, кішкентай балаларды қараусыз қалдырмау керектігі туралы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысады. Мейірімділік акциясын Алматы қаласының басқа аудандары да қабылдап алды,-делінген хабарламада.

Бүгінгі таңда Алатау, Наурызбай, Алмалы, Жетісу аудандарының әкімдіктері 50-ден астам мұқтаж отбасыларға өрттің алдын алуға бағытталған атаулы көмек көрсетті, әлеуметтік осал отбасылардың 1254 тұрғын үйіне көміртегі тотығынан қорғаныс датчиктері орнатылды. Уытты заттардың рұқсат етілген концентрациясынан асып кеткен кезде көміртегі тотығы сенсоры іске қосылады және тұрғындарға қауіп туралы ескертетін дыбыстық дабыл береді.

Жалпы, жылу беру маусымы басталғаннан бері Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті ЖПҚ бірлесіп 145 мыңнан астам жеке тұрғын үйге рейд жүргізді, рейд  барысында «Қазақстан еріктілері Лигасынан», «Жас Отан» және басқа ұйымдардан 290 ерікті тартылып, тұрғындар  арасында 372 жиын өтті.  Жеке тұрғын үй секторының тұрғындарына өрт қауіпсіздігі бойынша 290 мыңнан астам жадынама таратылды.

Үгіт-профилактикалық жұмыстар, КВИ ошақтарын ескере отырып, жылыту кезеңінің соңына дейін жалғасатын болады.

Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар арасында көміртегі тотығынан улануды болдырмау үшін төмендегі негізгі ережелерді сақтау қажеттігін еске салады:

- жылыту пештері мен жүйелерінің түтін мұржаларындағы күйелерді  жылыту маусымы кезінде және басталмас бұрын тазалау керек;

- мұржадан шығатын түттіннің саңлауын тексеріп, түнде пештің мұржасын жаппаңыз;

- пештерде, түтін мұржаларында және басқа жылыту құрылғыларында отын, зығыр мата және басқа жанғыш заттарды кептіруге жол бермеңіз;

- газ жүйелері мен жылу жүйелерін ұқыппен пайдаланыңыз;

- өрт шыққанын көрсеңіз немесе түтіннің иісін сезсеңіз 101 немесе 102 телефонына қоңырау шалыңыз.



Өзгелердің жаңалығы