Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті қалалық прокуратураның үйлестіруімен ҚР аумағында Интернет-ресурстар арқылы синтетикалық есірткілердің ірі партияларын өткізуге қатысы бар трансұлттық есірткі құрылымының әрекетін ашып, жолын кесті.
2021 жылғы 24 мамырда жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу іс-қимылдары кешенін іске асыру процесінде қылмыстық иерархияда халықаралық есірткі тобын ұйымдастырушылардың бірі ретінде әрекет ететін, «мефедрон» есірткі құралының көтерме партияларын өткізумен айналысатын Алматы қаласының тұрғыны ұсталды - делінген ҰҚК таратқан ақпаратта.
Тінту іс-шараларын жүргізу нәтижесінде 1.3 кг синтетикалық есірткі табылып, тәркіленді.
Қылмыстық тауар ҚР-да жұмыс істейтін ірі Интернет-дүкендердің бірі арқылы жасырын қойылмаларды жүзеге асыра отырып, қатынассыз тәсілмен сатылғаны анықталды.
Аталған факт бойынша ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті сотқа дейінгі тергеу материалдарын ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Соңғы уақытта Алматы қаласы «қара нарығында» есірткі құралдарының ірі партияларын қолдан жасау мен жеткізудің тоқтаусыз өсуі байқалып отырғанын атап өту керек.
Нақтырақ айтқанда, 2021 жылдың басынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҰҚК департаменті есірткі құралдарының заңсыз айналымының 11 фактісінің жолын кесті, синтетикалық есірткі өндіру жөніндегі 5 жасырын зертхананың (оның ішінде 1-еуі Қырғызстан аумағында) әрекетін жойды. Заңсыз айналымнан шамамен 190 килограмм есірткі тәркіленді. Есірткі бизнесімен айналысқаны үшін 17 адам ұсталып, қылмыстық жауапқа тартылды - дейді мамандар.