11 мамыр, дүйсенбі күні Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарына тауға шығуды кейінге қалдыру ұсынылды. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Департамент мамандары "Қазгидромет" болжамына сәйкес, 11 мамырда Алматыда найзағай ойнап, жаңбыр жауатынын, кей жерлерде жауынның қатты болатынын ескертті. Сонымен қатар, солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15–18 метрге дейін жетуі мүмкін.
Іле Алатауының таулы аймақтарында, оның ішінде Ақсай мен Үлкен Алматы өзендері алабында қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпіні секундына 18–23 метрге дейін жететін дауылды жел күтіледі.
Дауылды ескерту кезінде тұрғындар мен қала қонақтарына қауіпсіздік шараларын сақтап, тауға барудан бас тарту ұсынылады, – деп жазылған хабарламада.
Қатты жел кезінде құтқарушылар көліктерді ағаштардың астына қоюға кеңес бермейді.
Мамандардың ұсынымдары:
мүмкіндігінше ғимараттан шықпау;
үйде болсаңыз, терезе мен есікті мықтап жабу;
ауладағы, балкондағы ұшып кетуі мүмкін заттарды жинау;
көшеде жүрген жағдайда жақын маңдағы ғимаратқа паналау;
жарнама тақталарының, ағаштардың, құрылысы аяқталмаған нысандардың жанында тұрмау;
электр желілерінің астында болмау және үзілген сымдарға жақындамау.
Сондай-ақ синоптиктер ертең бірқатар өңірде үсік жүруі мүмкін екендігін хабарлап, дауылды ескерту жариялады.