Алматы тауларында жоғалып кеткен ресейлік туристің денесі табылды

9 Тамыз 2023, 16:56
734
Бөлісу:
Алматы тауларында жоғалып кеткен ресейлік туристің денесі табылды
Фото: Артём Чурсинов - архив

Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Жанна Дәуренбекова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін Алматы тауларында іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде ер адамның денесі табылды. Алдын ала дерек бойынша ол төрт күн бойы іздестіріліп жатқан турист. Ресей Федерациясының 1984 жылы туған азаматы 5 тамызда таңертең тауға кетіп, жоғалып кеткен болатын, - деді ол.

Дәуренбекованың айтуынша, таудағы климаттың күрделілігіне, тау маршрутының ерекшеліктеріне, тастың құлауына және жартасты рельефке қарамастан іздеу-құтқару жұмыстары тәулік бойы жүргізілді.

Табылған ер адамның жеке бас деректері анықталып жатыр, - деп айтты ТЖМ ресми өкілі.

Қазақстандық құтқарушылар жыл сайын тауда 160-қа жуық туристі құтқарады. Биыл жыл басынан бері таулы жерлерде 152 адам құтқарылды.

ТЖМ тауға жалғыз шықпау керегін ескертті. Сонымен қатар баратын бағытты жақындарға ескерту қажет.

Тауға шығуға қалай дайындалу керек:

  • Ашық түсті киім кию қажет.
  • Өзіңізбен бірге өңірдің картасын, компасты, GPS навигаторын, байланыс құралдарын, алғашқы көмек жинағын алу керек.
  • Егер адасып кетсеңіз, құтқарушыларға бұл туралы хабарлап, оларға тұрған жеріңіз туралы ақпаратты беру қажет. Егер байланыс болмаса, ашық жерге тұрып, құтқарушыларға сигнал беру керек. Қараңғы уақытта от жағып, күндізгі уақытта ашық түсті киімдерді мүмкіндігінше жоғары іліп қойған жөн.
  • Түнде, әсіресе қыс мезгілінде ұйықтамаған жөн, өйткені гипотермия алу ықтималдығы жоғары.

Айта кетейік, Алматы тауларында турист жоғалып, құтқарушылар оны 5 тамызда бері іздеген еді.

Өзгелердің жаңалығы