Алматы тауларында үш күн бойы байланыссыз қалған турист құтқарылды.
20 мамыр күні ер адам Шымбұлақ жағынан тауға көтеріліп, екі күннен кейін оралуы тиіс болған. Алайда белгіленген уақытта байланысқа шықпағандықтан, жақындары құтқарушылардан көмек сұраған.
Іздестіру жұмыстарына ҚР ТЖМ-нің «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағы мен Алматы қалалық ТЖД Құтқару қызметінің мамандары жұмылдырылды. Құтқарушылар 3200 метр биіктікке көтеріліп, Шымбұлақ шыңы бағытындағы беткейлерді жаяу тексерген.
Іздеу барысында жоғалған турист аман-есен табылды. Оған медициналық көмек қажет болмаған. Кейін құтқарушылар ер адамды «Медеу» мұз айдынына дейін түсіріп, жақындарына тапсырды.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарға тауға шығар алдында бағыт пен жорық уақытын туыстарына алдын ала хабарлауды ескертті.