Алматыдағы Күйгенсай (Горельник) шатқалында жаңа жаяу жүргіншілер көпірі салынып жатыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Жоспар бойынша, қыркүйекте ұзындығы 77 метр болатын жаяу жүргіншілер көпірі іске қосылады. Көпір шатқалдың екі жағын жалғап, оқушыларға арналған болашақтағы "Мың бала" спорт клубына жол ашады.
Қала әкімдігінің мәліметінше, жоба Еуропа таулы аймағында аспалы көпір салумен танылған швейцариялық компаниямен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Көпір жер бедеріне бейімделіп салынған, халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай келеді. Сонымен қатар балалар мен спорт топтарының және оқу-жаттығу жиындарына қатысушылардың жайлы өмір сүруіне мүмкіндік беретін нысандар салынады.
Олардың қатарында ауданы 912 шаршы метр спорт залы, балалар мен спорт командаларына арналған 12 модульді тұрғын капсула, ашық аспан астында жаттығу жасауға арналған арнайы алаң бар.