Алматыдағы Шымбұлақ аумағында қар көшкіні жүрді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгін түскі сағат 12:33-те «Эдельвейс» қонақүйі ауданындағы Кіші Алматы өзені бассейнінде қар көшкіні жүрді.
«Түскен қар массасы - 700 текше метр. Көшкін Шымбұлақ-Тұйық Су жолында тоқтап, оны жауып тастады. Қаза болғандар, зардап шеккендер жоқ. Қирау да тіркелген жоқ. Жолды «Қазселденқорғау» ММ тазалады»,- деп хабарлады ведомстводан.
Құтқарушылар тұрғындарды қар көшкінін тудырмау үшін тау беткейлеріне шықпауға, сондай-ақ жеке қауіпсіздік шараларын сақтауға, тауда жаяу серуендеуден бас тартуға шақырады.