Үлкен Алматы шатқалында таулы аймақтағы төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге арналған №22 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңа нысан Алматының оңтүстік бөлігіндегі туристік маршруттар мен таулы инфрақұрылым қауіпсіздігін едәуір күшейтеді.
Ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев, бөлімшелердің жеке құрамы және қызмет ардагерлері қатысты.
Өрт сөндіру бөлімінің тікелей таулы аймақта орналасуы туристердің, альпинистер мен демалушылардың қатысуымен болатын төтенше жағдайларға жедел әрекет ету уақытын едәуір қысқартып, жетуі қиын аймақтардағы құтқару операцияларының тиімділігін де арттырады. ТЖМ мәліметінше, бөлімшенің ғимараты екі қабатты, кезекші ауысым үшін заманауи әкімшілік-тұрмыстық блокпен жарақталған. Инфрақұрылымға оқу сыныбы, медициналық кабинет, демалыс және тамақтану үй-жайлары, сондай-ақ санитарлық-тұрмыстық аймақтар кіреді. Бөлімнің құрамына жеке құрамның тұруы үшін бөлек апартамент ғимараты да кіреді, – деп жазылған хабарламада.
Апартаменттер құтқарушылар мен олардың отбасы мүшелері үшін тұруға арналған ыңғайлы жиһаз және тұрмыстық техникамен жабдықталған, ал іргелес аумағында балалар ойын алаңы салынған.
Қызметкерлердің дене даярлығын жоғары деңгейде ұстауы үшін кешен аумағында кәсіби спорт залы бар «Batyr Team» жаттығу орталығы жұмыс істейді, сондай-ақ воркаут алаңы мен демалыс аймақтары жасақталған. Салтанатты рәсім барысында Шыңғыс Әрінов бөлімшеге жаңа техниканың кілтін табыс етті, оған өрт сөндіру автоцистерналары, жедел-құтқару көліктері, квадроциклдер және автотіркеме кіреді. Медицина қызметкерлері мен құтқарушыларға қызметтік пәтерлердің кілттері де табыс етілді. Бөлімшенің иелігінде алты бірлік техника бар: үш өрт сөндіру автоцистернасы, эвакуатор, жедел автомобиль және таулы, жетуі қиын аймақтарда жұмыс істеуге арналған квадроцикл.
Жаңа өрт сөндіру бөлімі Алматы қаласы Бостандық ауданының оңтүстік бөлігін, оның ішінде Алатау, Мирас, Ғаламат және Архат ықшам аудандарын, сондай-ақ «Хан Тәңірі», «Солнечная долина», «Аспантау», «Apple Park» тұрғын үй кешендерін және туристік инфрақұрылым объектілерінің өртке қарсы қорғалуын қамтамасыз етеді.
Қызмет көрсету аймағында 40 мыңнан астам адам тұрады және 255 шаруашылық субъекті жұмыс істейді.
Мамандандырылған бөлімшені құру Мемлекет басшысының Алматыдағы жыл сайын мыңдаған қала тұрғындары мен қонақтар баратын туристік және таулы аймақтардағы қауіпсіздікті күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылған, – деп жазды ТЖМ баспасөз қызметі.
Бөлімшенің жауынгерлік есепке енгізілуі өрт сөндіру-құтқару қызметтерінің жедел дайындығын арттырып, Алматының таулы аймақтарына келетін қала тұрғындары мен көптеген туристің қосымша қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.