Алматы қаласы әкімінің орынбасары тағайындалды

12 Ақпан 2022, 14:28
1811
Бөлісу:
Алматы қаласы әкімінің орынбасары тағайындалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың өкімімен Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша 2022 жылғы 11 ақпанда Алматы қаласы әкімінің орынбасары болып Қырықбаев Арман Оразбайұлы тағайындалды.

Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Арман Қырықбаев 1976 жылы 20 қазанда Целиноград қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық Академиясының түлегі болып табылады. Мамандығы бойынша халықаралық экономист. Мемлекеттік қызметте, мәдениет және жастар саясаты саласында 25 жылдан астам жалпы еңбек өтілі бар.

Еңбек жолын 1996 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің референті, атташесі болып бастаған. 1997-1999 жылдары-Қазақстан Республикасының Өзбекстандағы елшілігінің атташесі, 1999-2000 жылдары-Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің үшінші хатшысы, кейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ТМД істері комитетінің екінші хатшысы. 2002-2004 жылдары – «ABE корпорациясы» ЖАҚ Стратегия және маркетинг департаментінің директоры, 2004-2005 жылдары – «К-МАРТ» ЖШС Бас директоры.

2005 жылы Медеу ауданы әкімінің орынбасары, 2005 жылдан 2006 жылға дейін Алматы қаласы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қорының директоры, 2006 жылдың сәуірінен 2008 жылдың ақпанына дейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Қоғамдық-саяси жұмыс және жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры қызметтерін атқарған.

2010 жылдың қаңтарынан 2012 жылдың ақпанына дейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат Министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.

Арман Қырықбаев 2012-2014 жылдары Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі лауазымында болды. 2014-2015 жылдары Nur Otan партиясы төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі болған. Сондай-ақ, 2015 жылдың қазанынан 2019 жылдың шілдесіне дейін Алматы қаласы әкімінің ішкі саясат, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, жастар саясаты, тілдерді дамыту және басқа да мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Соңғы атқарған қызметі – Nur Otan партиясының хатшысы.

Өзгелердің жаңалығы