Алматы полициясы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр

4 Маусым 2019, 14:22
2013
Бөлісу:
Алматы полициясы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр

Алматы, BAQ.KZ. Алматы Полиция департаменті қала аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы жүріп жатқанын мәлімдеді. 

Шараның негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, ескерту жасау, көше мен қоғамдық орындардағы қылмысты анықтау және оның жолын кесу. 

«Жедел-алдын алу шарасына қаладағы екі мыңдай полиция қызметкері жұмылдырылды. Қаладағы қылмыс жағдайын ескеріліп, полицейлермен бірге Ұлттық гвардияның 430 сарбазы да әрекет етуде. Олар полицейлермен бірге көшелерді жаяу тексеруде»,-делінген баспасөз қызметі жіберген хабарламада.

Ведомстваның мәліметінше, шара басталған екі күнде қалада 57 қылмыстық іс ізі суымай ашылған. Оның ішінде, екі есірткі сату фактісі, 3 тәртіп бұзу, 3 тонаушылық, 32 өзгенің мүлкін қолдығылу, 9 алаяқтық және басқа да қылмыстар бар. Іздеуде жүрген 4 қылмыскер ұсталған.

Сонымен қатар, 1554 әкімшілік құқық бұзғандар анықталған. Олардың қатарында, 122 оқиға ұсақ тәртіп бұзушылық болса, 370 жағдай қоғамдық орында алкоголь өнімдерін тұтыну бойынша тіркелген. Ішімдік ішіп алып көлік жүргізген 8 оқиға және көлікті қауіпсіздік белдігін тақпай басқарған 382 оқиға тіркелген. 
Сондай-ақ, ҚР көші-қон заңын бұзған 37 факт анықталған.

Өзгелердің жаңалығы