Алматы облысының тұрғындары қар барысына қамқорлық көрсетті

4 Қаңтар 2022, 14:23
1299
Бөлісу:
Алматы облысының тұрғындары қар барысына қамқорлық көрсетті

Алматы, BAQ.KZ.  Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы Кербұлақ кентінің тұрғындары жалғыз қалған таутанның (ілбістің ұрғашысы – ред.) үйреншікті мекеніне аман жетуіне себепші болды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға 3 қаңтар күні болған. Сағат 12:00-лер шамасында Кербұлақ кентінің Әмірхан Ағамбаев, Саят Әктай және Бекдәулет Жеңісұлы дейтін тұрғындары елді мекен маңындағы далада жалғыз қалған ілбісті (қар барыс) байқайды. Таутанның адам жақындаса да қашпайтынын, тіпті бой тасалауға да тырыспағанын байқап, тұрғындар тиісті мамандарға хабар берген.

«Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Охотзоопром» РМҚК инспекторлары келгенше тұрғындар жыртқышты таса қылмай күткен.

Табиғи парк инспекторлары Зоология институтының ғылыми қызметкерлерімен бірлесіп, жыртқышты «Алтынемел» паркінің аумағына жеткізді. Сағат 20.00 шамансында таутанның мойнына спутникке жалғанған мойынбау тағылып, үйреншікті мекеніне қоя берді. Айта кету керек, бұл «Алтынемел» аумағында тұратын ілбістерге тағылған үшінші мойынбау. Фототұзақ көмегімен алынған мәліметтер бойынша, саябақта 10-ға жуық ілбіс мекендейді. Ұлттық парк осы сирек кездесетін жануарларды сақтау үшін барлық қажетті шараларды қолға алады, - деп жазады министрліктің баспасөз қызметі.

Алматы облысының тұрғындары қар барысына қамқорлық көрсетті

Ілбіс (қар барысы) ҚР Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы N 1034 қаулысы бойынша, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнгіп тұрған жануарлардың тізбесіне енгізілген.

Өзгелердің жаңалығы