Алматы облысының кәсіпкерлерімен ұсынылып отырған салық реформалары талқыланды

Кеше, 18:05
163
Бөлісу:
Алматы облысының кәсіпкерлерімен ұсынылып отырған салық реформалары талқыланды
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Алматы облысында ҚР ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов пен ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Салық және кеден саясаты департаменті директорының орынбасары Нұрлыбек Шаймахановтың қатысуымен салық заңнамасына енгізілген өзгерістерді түсіндіру бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Іс-шараға жергілікті атқарушы органдардың, мәслихаттардың, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері және 100-ге жуық кәсіпкер қатысты.

Талқылаудың негізгі тақырыбы салық реформасы, атап айтқанда, салық салу жүйесіндегі өзгерістер, соның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін арттыру және сараланған тәсілді енгізу болды.

Өз сөзінде ҚР ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов кеңеске қатысушыларды Үкіметтің ҚҚС мөлшерлемесін 16% деңгейінде белгілеу, бірқатар басым сала үшін 10% төмендетілген мөлшерлемені енгізу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді салықтан босату жөніндегі ұсынысымен таныстырды.

Сонымен қатар ҚҚС бойынша есепке қою шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету және қолданыстағы арнаулы салық режимдерін реформалау ұсынылады.

Реформалар қосылған құн тудырмайтын, бірақ негізінен транзакциялық операциялар, қаражатты қайта бөлу немесе заңсыз әрекеттер арқылы пайда табатын қызмет түрлеріне әділ салық салуға бағытталғаны атап өтілді.

Талқылау барысында Алматы облысы бизнес-қоғамдастығының өкілдері алдағы салықтық өзгерістерге қатысты өз пікірлерін білдірді.

Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Сауда және қызмет көрсетудің салалық кеңесі төрағасы Әсет Талғатбек арзан несиелер үшін базалық мөлшерлемелерді төмендетуді және салық төлеу жүйесін жеңілдетуді ұсынды.

Bilim Invest ұлттық білім беру инвесторлары қауымдастығының вице-президенті Күләнда Батырбекова реформаларды жүргізу кезінде білім саласына қолдау көрсету қажеттігіне тоқталды. Атап айтқанда, өңірлердің білім беру саласын дамыту картасын әзірлеуді ұсынды.

Ауылдардағы білім беру ұйымдарының дамуын бақылау қажет. Ол үшін жекеменшік білім беру мекемелерін саралау керек. Жеке ғимараты бар мектептер мен балабақшалар бар, үй-жайды жалға алатындар бар. 50-75 балаға арналған, 100-200 балаға есептелген тәрбие және білім беру мекемелері бар, — деп түсіндірді Күләнда Батырбекова.

Сондай-ақ спикер салықты көтерумен қатар, бюджет шығыстарының құрылымына сын көзбен қараудың маңызды екеніне тоқталды. Қатаң бюджеттік ережелердің сақталуын бақылауды күшейту қажет.

Қорытындылай келе, кеңеске қатысушылар салық саясатындағы оңтайлы шешімдерді іздеу үшін мемлекет пен бизнес арасындағы сындарлы диалогтің маңыздылығын атап өтті.

Тәуелсіз Кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Қамбар Баекенов реформалардың ашықтығы мен кәсіпкерлердің пікірлерін есепке алу шағын және орта бизнесті қолдаудың тиімді тетіктерін әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді, бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.

Қорытындылай келе, вице-министр Бауыржан Құдайбергенов барлық ұсыныс жиналып, талданатынына және жұмыс барысында ескерілетініне сендірді.

Естеріңізге сала кетейік, Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірінде бизнес өкілдерімен кездесулер өтуде. Осы кездесулер шеңберінде айтылған ұсыныстар Үкіметте мұқият талданып, әрі қарай Парламент қарауына және заңнамалық бастамаларға енгізуге жолданады.

Өзгелердің жаңалығы