Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талдықорғанда қала күніне орай өткен жиында айтты.
Осыдан 20 жыл бұрын Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына көшірілген еді. Облыс мәртебесіне ие болысымен Талдықорған қаласы көркейіп, қазір еліміздің беткеұстар қаласына айналған. Оған қоса халық саны да көбейген.
Алматы облысында қазір тұрғындар саны 2 миллионнан асады. 2001 жылы Талдықорғанда халық саны 100 мыңның айналасында болса, қазір 2 есе көбейіп, 200 мыңға жуықтады. Сол кезден қаланың аумағы 4 есеге ұлғайды.
Бүгінгі жеткен жетістігіміз – береке-бірлік пен аға буынның ерен еңбегінің арқасы. Талдықорған жұртшылығы Егеубек Далбағаев, Бәтима Сақауова, Зылиха Тамшыбаева, Аманғазы Шегіров, Наурыз Қылышбаев, Оралбек Жақиянов, Күләш Шәмшидинова сынды азаматтардың есімдерін құрметпен айтады. Әсіресе, ең күрделі кезеңде қаланы аяғынан нық тұрғызуға құрылысшы ретінде Шалбай Құлмаханов көп еңбек сіңірді. Кейін Серік Үмбетов, Аңсар Мұсахановтар істі жалғастырып, өз үлестерін қосты. Сонымен қатар қаланы ұзақ жыл басқарған марқұм Сәкен Жылқайдаровтың да еңбегі ерекше, - деді А.Баталов.
Облыс әкімі Талдықорған – геосаяси, әлеуметтік- экономикалық маңызы ерекше қала екенін атап өтті.
20 жыл ішінде жалпы өнеркәсіп өнімінің көлемі 17 млрд-тан 94 млрд теңгеге жетті. Өнеркәсіп саласында «Темірбетон», «Метакон», «Ифраэнерго», «Интеграл», «JLC сүт», «Мажико» тағы басқа зауыттар іске қосылды. Жаңадан «Қаратал» және 6, 7, 8-шағын аудандар бой көтерді. Халықтың жайлы өмір сүруі мен тұрмысын жақсарту – басты талап. Бүгінде тұрғындардың 94 пайызы орталық газға қол жеткізді. Су, жарық, жол сапасы жақсарды. Саябақ, сквер, аллеялар саны 30-ға таяды. Коттедж қалашығында белсенді құрылыс жүргізілуде, - деді облыс әкімі.
Денсаулық сақтау саласындағы реформалар аясында Талдықорғанда заманауи медицина нысандары ашылып, олардың жалпы саны 26-ға жеткен. Диагностикалық, онкологиялық орталық, көп салалы аурухана, Еңбек ауылында дәрігерлік амбулатория, модульді жұқпалы аурулар ауруханасы салынды.
2001 жылы 6 балабақша ғана болса, бүгінде олардың саны 66-ға жеткен. 8 заманауи білім мекемесі бой көтеріпті.
Дарынды балалар үшін Назарбаев зияткерлік мектебі, 1200 орындық IT лицей, музыкалық мектеп салынды. Жастар – ел болашағы. «Жастарға қызмет көрсету орталығы», «Жастар» спорт кешені, Оқушылар сарайының салынуы – мемлекет қамқорлығының жемісі.
Өткен жылы Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында Жетісу университеті, медициналық және политехникалық колледж студенттеріне арнап 3 жатақхана салынған, ол 768 орынға есептелген.
Талдықорған – бүгінде сәулеті асқан қала. Өзіндік архитектуралық кескін-келбеті бар. «Достық үйі», «Тіл сарайы», «Журналистер үйі», «Көрме кешені», «Драма театры», «Салтанат сарайы», «Рухани жаңғыру орталығы» сияқты әсем ғимараттар ел игілігіне берілген.
2020 жылы Алматы облысында 2,4 мың отбасы жаңа баспанамен қамтамасыз етілген, соның 1,3 мыңы – аз қамтылған және көп балалы отбасы.
Биыл жаңа баспанаға 3,7 мыңнан астам отбасы қол жеткізеді деп жоспарлануда.