Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыбастау ауылында жер үйден 4 адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, қаза тапқандардың қатарында 1955 және 1974 жылы туған екі ер адам, 1984 жылы туған әйел және 1,5 жастағы қыз бала бар.
Куәгердің айтуынша, отбасы қыстауда тұрған. Туыстары олармен 2 күн бойы байланыса алмаған, кейін үйді барып тексерген кезде барлығын өлі күйінде тапқан. Болған жағдай туралы полицияға хабар берілген.
Жеке тұрғын үйден туыстары төрт адамның денесін тапты. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Өлім себептерін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды, - делінген ТЖД таратқан хабарламада.
Марқұмдардың денелері сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Қазір мамандар оқиғаның нақты себебін анықтап жатыр.
Айта кетерлігі, бұған дейін ведомствоға 2 ақпанда Райымбек ауылдық округі әкімдігінен Райымбек ауданындағы Сарыбастау ауылында, шаруа қожалығы аумағында болған оқиға туралы ақпарат түскен. Жеке тұрғын үйден туысы төрт адамның мәйітін тапқан. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Өлім себептерін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалған.
Оқиға орнына Алматы облысы ТЖД-ның күштері мен құралдары, сондай-ақ полиция департаментінің қызметкерлері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері барған. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.