Талғар ауданында жер заңнамасын бұзғаны үшін жеті ауыл әкімі жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Алматы облысының прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәліметке сүйенсек, соңғы үш жыл ішінде мемлекет меншігіне 2 мың гектардан астам пайдаланылмай жатқан жер қайтарылған.
Биыл осындай 4 мың гектардан астам жер анықталды, олардың барлығы бойынша жерді қайтару туралы сотқа талап-арыздар жолданды, екі талап-арыз қанағаттандырылды. Сондай-ақ, биыл мақсатты пайдалану түрін өзгерту кезінде жердің кадастрлық құнын төлемеу деректері анықталды. Жалпы сомасы – 306 млн теңге, оның 165 миллионы бюджетке өндірілді. Жеті ауыл округінің әкімі тәртіптік жауапкершілікке тартылды, олардың екеуі – мемлекеттік қызметті беделсіз атқарды деген негізбен, – делінген Алматы облысы прокуратурасының хабарламасында.
Сондай-ақ жердің нысаналы мақсатын заңсыз өзгерту, оны жекеменшікке беру және қосымша жер телімдерін үлестіру фактілеріне қатысты прокурордың наразылықтары қанағаттандырылғаны атап өтілді.