Алматы облысында жел электр стансасы салынып жатыр

10 Қыркүйек 2021, 16:10
3412
Бөлісу:
Алматы облысында жел электр стансасы салынып жатыр

Алматы, BAQ.KZ. Сарқан ауданында қуаттылығы 50 МВт болатын жел электр стансасы салынып жатыр. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Лепсі өңірінде салынып жатқан ЖЭС - негізінен жеке қаражат есебінен жүзеге асырылып жатқан аудандағы ең ірі жоба. Жауапты «ВЭС Абай – 2» ЖШС өкілдерінің айтуынша, кезең-кезеңімен жоспарланған электр станса құрылысы 2019 жылы басталып, 2022 жылдың соңына дейін аяқталмақ.

Алдымен кең жазыққа жол салып, бүгінгі күні жұмыстары қарқын алып, қондырғылардың негізін құйып бастаған. Құрылыс аймағында 100-ге жуық азамат жұмыс істеуде.

Мұндай электр қуатын өңдейтін станса Қапшағай қаласында бар болса, енді ауданымыздың Лепсі аймағында болмақ. Бірақ қуаттылығы жағынан басым түспек. Яғни жылына 50 МВт тоқ көзін өңдемек. Жыл соңына дейін 6 қондырғы орнатылып, іске қосылмақ, - деді аудан әкімі Талғат Қанатұлы.

Лепсі ауылынан 80 км қашықтықта орналасқан станса кең жазықта орналасқан желді аймақ. Желдің өтінде орналасқан жайпаң мекен болғандықтан, мұндай жарық қуатын өңдейтін мұнаралар үшін таптырмас жер.

Биіктігі 100 метр, айналғыш қанаттары 70 метр болатын мұнараның саны 16 болады. Олардың біреуінің өзі 3,2 МВт өңдеуге қауқарлы.

Осындай ірі әрі тиімді жобалардың арқасында ауданға инвестиция тартылып, жаңа жұмыс орындары ашылып өңіріміздің одан әрі дамуына өз септігін тигізеді деген сөз.

Айта кетейік, жел электр стансасының салыну жұмыстарына жеке қаражат есебінен 19 млрд теңге инвестиция тартылған.

Өзгелердің жаңалығы