ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов Кеген ауданындағы Саты ауылдық округінде, Көлсай көлдері ұлттық паркі аумағында Көлсай көліне жақын орналасқан жаңа тікұшақ алаңын аралап көрді.
Жаңа тікұшақ алаңы төтенше жағдайлар кезінде авиациялық жұмыстарды орындауға арналған. Оның көмегімен халықты эвакуациялау, авариялық-құтқару бөлімшелерін жеткізу және қажетті жабдықтарды жетуі қиын аймақтарға жедел тасымалдау мүмкін болады.
Нысанды таныстыру барысында министрге алаңның техникалық мүмкіндіктері мен пайдалану шарттары көрсетілді. Мамандардың айтуынша, тікұшақ алаңы әуе кемелерінің қауіпсіз қонуы мен ұшу талаптарына толық сәйкес келеді.
Сондай-ақ жаңа нысан өңірдің таулы және туристік аумақтарында жедел әрекет ету мүмкіндігін едәуір арттыратыны атап өтілді.
ТЖМ мәліметінше, тікұшақ алаңы бюджеттен тыс қаражат есебінен жергілікті кәсіпкердің қолдауымен салынған.