“Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында Алматы облысында заманауи 3 мектеп ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы облысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында бірден үш жаңа мектептің салтанатты ашылуы өтті, бұл өңірдің жас тұрғындары үшін қуанышты жаңалық болды.
Жаңа мектептерде 3200 бала заманауи жайлы жағдайда оқиды, олардың ата-аналары да білім сапасы үшін алаңдамайтын болды. Биылғы оқу жылында облыстың 468 мектебі 365 404 оқушыны қабылдайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 173-ке артық. Бірінші сынып оқушылары санының өсуі ерекше назар аудартады – биыл мектепке 35 631 жас қазақстандық барады.
Ашылу салтанатына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.
Министр білім беру саласындағы мамандарға сұраныстың артуына байланысты жыл сайын педагогикалық бағыттарға мемлекеттік гранттар саны артып келе жатқанын, 2029 жылға дейін 111 мыңнан астам педагог кадр даярлау жоспарланып отырғанын атап өтті.