Ұлттық тестілеу орталығы мен Алматы облысының Білім басқармасы білім беру нәтижелерін талдау жүйесін дамытуға және Бірыңғай ұлттық тестілеу (ҰБТ) деректерін басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде тиімді пайдалануға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың педагог қызметкерлердің республикалық тамыз конференциясында белгілеген міндеттеріне сәйкес келеді. Президент қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқарту, ҰБТ көрсеткіштері төмен өңірлердегі жұмысты күшейту, қалыптасқан жағдайға жан-жақты талдау жүргізу және оның нәтижелері негізінде кешенді шешімдер әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Ынтымақтастықтың негізгі мақсаты – білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстың басым бағыттарын айқындау үшін ҰБТ нәтижелеріне жүйелі талдау жүргізу, үрдістер мен білім беру ұйымдары арасындағы айырмашылықтарды анықтау.
Бастапқы кезеңде Ұлттық тестілеу орталығы Алматы облысының Білім басқармасымен бірлесіп, ҰБТ нәтижелеріне бастапқы талдау жүргізуді, облыс, аудандар мен қалалар бөлінісіндегі негізгі үрдістерді қарастыруды, сондай-ақ тереңірек зерделеуді қажет ететін мәселелерді анықтауды жоспарлап отыр.
Осы жұмыстың қорытындысы бойынша тараптар алдын ала талдамалық тұжырымдар қалыптастырып, одан әрі өзара іс-қимылдың басым бағыттарын айқындауды көздейді. Оның ішінде аудандар, қалалар, мектептер, оқу пәндері және жекелеген тақырыптық бағыттар бөлінісінде білім беру нәтижелеріне тереңдетілген талдау жүргізу мүмкіндіктері қарастырылады.
Білім басқармасы алынған нәтижелерді білім беру ұйымдарымен алдағы жұмыстың басым бағыттарын айқындау кезінде пайдалана алады.
Ынтымақтастық аясында талдау нәтижелерін талқылау және бірлескен жұмыстың перспективалық бағыттарын айқындау мақсатында аудандық және қалалық білім бөлімдерімен, әдістемелік қызметтермен және басқа да мүдделі ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау да көзделген.
Осылайша, ынтымақтастық білім беру нәтижелерін талдаудың жүйелі тәсілін қалыптастыруға, ҰБТ деректерін өңірдегі білім сапасының жай-күйін бағалау және оны одан әрі жетілдіру бағыттарын айқындау құралы ретінде тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.