Көк-Жайлау шатқалынан төмен түсіп келе жатқан ресейлік турист әйелдер жабайы қабандардың үйірімен бетпе-бет келді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Әйелдерге құтқарушылардың көмегімен ғана маршрутты аяқтау мүмкін болды.
2024 жылғы 9 шілдеде сағат 18:45-те Ресей Федерациясының екі азаматы Алматы қаласының “109” Құтқару қызметіне қоңырау шалып, жолдарын жабайы қабандар бөгеп қалғанын хабарлаған.
“БАУ” бекетінен координаттар түскен бойда оқиға орнына кезекші топ – 5 құтқарушы мен 1 техника жіберілді. Сағат 20:24-те құтқарушылар туристермен визуалды байланыс орнатты. Құтқару операциясын аяқтау шамамен 30–40 минутты алды, – деп хабарлады Құтқару қызметі.
Әйелдердің өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ екені аталып өтті.
Құтқарушылар ескертеді: тауға шығарда тек ауа райы мен физикалық жүктемені емес, жабайы жануарлармен кездесудің мүмкіндігін де ескеру керек. Қауіп төнген жағдайда 109 нөміріне бірден хабарласқан жөн.