Алматы облысында Түрген өзені арқылы өтетін көпірді су шайып кетті

Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің қорытындысы бойынша көпірді салатын мердігер ұйым анықталған.

Бүгiн 2026, 12:55
АВТОР
 видео кадры Бүгiн 2026, 12:55
Бүгiн 2026, 12:55
200
Фото: видео кадры

Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданында Түрген өзені арқылы өтетін апатты көпір маңын су шайып кетті. Бұл туралы әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қатысты облыс әкімдігі түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Желіде Үлкен Алматы каналы бойындағы автожолда орналасқан пайдаланылмайтын көпірді су шайып кеткені туралы ақпарат тарады. Онда мердігер 2026 жылғы 10 шілдеде құрылыс-монтаж жұмыстарына кірісетіні және жағдай облыс әкімдігінің бақылауында екені айтылған.

Әкімдіктің BAQ.KZ-ке берген мәліметінше, Түрген өзені арқылы өтетін КВ-49 автожолының 54-шақырымындағы көпір 2024 жылы-ақ апатты деп танылған. Осыған байланысты онда көлік қозғалысына шектеу қойылған.

2026 жылғы 1 шілдеде нөсер жауын-шашын салдарынан Түрген өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, апатты көпірдің айналасындағы топырақты су шайып кетті, – деп хабарлады әкімдік.

Ведомствоның мәліметінше, ескі көпірдің орнына жаңасын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған және қаржыландыру қарастырылған.

Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің қорытындысы бойынша мердігер ұйым анықталған. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, құрылыс-монтаж жұмыстары осы айда басталады. Жағдай облыс әкімдігінің бақылауында.

Наверх