Алматы облысында тау-шаңғы кешені ашылды

6 Қаңтар 2019, 10:35
3033
Бөлісу:
Алматы облысында тау-шаңғы кешені ашылды

Астана, BAQ.KZ.  Талғар ауданында «Ойқарағай Лесная сказка» тау-шаңғы кешені ашылды. Қысқы туризмді дамытуды көздеген кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов, нысан инвесторлары, «Қазақ Туризм» ҰК өкілдері қатысты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Демалуға келген кішкентай балғындармен бірге облыс әкімі А. Баталов нысанның лентасын қиды.

Мемлекеттік - жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылған туристік жоба саламатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамытуғы ықпал етпек. Нысанның осы және өзге де ерекшеліктеріне тоқталып өткен облыс әкімі Амандық Баталов өз құттықтау сөзінде кешеннің қысқы туризмді дамытудағы рөлін атап өтті.

- Елбасы облысқа келген сапарында туризм кластерін қалыптастыру туралы тапсырма берген еді. Соның ішінде Шымбұлақтан бастап Түрген шатқалына дейінгі аралықта тау туризмін дамыту қажеттігін айтқан болатын. Соған байланысты бүгін, міне, жаңа тау-шаңғы кешенін ашып отырмыз. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, республикалық маңыздағы автокөлік жолынан кешенге дейінгі 6,2 км жолға күрделі жөндеу жасадық. Осы тау-шаңғы курортына инвестор өзінің жеке қаражаты есебінен 60 млн. АҚШ долларын құйды. Бұл - отбасымен келіп, таудың таза ауасымен тыныстап, шаңғы теуіп, сырғанап, демалуға таптырмайтын орын. Келіңіздер, игілігін көріңіздер, сырғанаңыздар, шаттаныңыздар, - деді А. Баталов.

Мұнан соң инвестор, «Alina» компаниялар тобының президенті Ерлік Балфанбаев сөз алып, осы жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен облыс басшылығына, «Қазақ Туризм» ҰК-ға, тау-шаңғы кешенінің құрылысына қатысты кәсіби ақыл-кеңес берген австриялық әріптестеріне, «Alina» компаниясының мамандарына, құрылысшыларға – барлығына ризашылығын жеткізді.

Тау-шаңғы кешенінің жалпы аумағы 85 га. Теңіз деңгейінен 1500-1800 метр биіктікте орналасқан. Мұнда келушілер арнайы арқан жолдармен биікке көтеріліп, төменге шаңғымен немесе басқа да құралдармен сырғанап түседі. Аталмыш компанияның коммерциялық директоры Дмитрий Цайдың айтуынша, мұнда шаңғы, скейтборд, үрлемелі камералармен сырғанауға арналған, түрлі күрделіліктегі 15 арнайы жолақ қарастырылған. Сонымен қатар шаңғы тебуді үйренгісі келетіндер үшін шаңғы мектебі бар, онда шетелден келген кәсіби мамандар жұмыс істейді. Нәтижесінде 2-3 сабақтан кейін-ақ үйренуші шаңғы тебуді меңгеріп үлгереді. Отбасымен белсенді және алаңсыз демалғысы келетін азаматтардың кішкентай балаларын таңертеңнен кешке дейін жылы жерде бағып беретін бала күтушілер де бар. Мұнда әлемдік бренд фирмалардың сырғанауға қажетті заттары мен киім-кешегін жалға алу мүмкіндігі ұсынылады. Демалыс аймағы күніне 5000 отандық және шетелдік туристер мен демалушыларды қабылдауға дайын.

Жаз мезгілінде шаңғы жолдары велосипед тебуге лайықталады. Демалушыларға түрлі ұлттың ас-ауқатын әзірлейтін 6 мейрамхана, 99 орындық қонақ үй қызмет көрсетеді. Алдағы жылдары қазіргі 13 шақырымдық сырғанау жолақтарының ұзындығын 40 шақырымға дейін жеткізу жоспары бар.

 

Өзгелердің жаңалығы