Алматы облысында сиыр ұрлап, етін сатқандар ұсталды

26 Қараша 2019, 14:01
8765
Бөлісу:
Алматы облысында сиыр ұрлап, етін сатқандар ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының полицейлері ұрланған сиырлардың етін сатқан қылмыстық топ мүшелерін ұстады.

Қылмысты ашуға бағытталған шара барысында жедел-іздестіру тобы күдіктілерді анықтап, ұстады.
19 қараша күні Жамбыл аудандық полиция бөліміне Жайсаң ауылының 48 жастағы тұрғыны қорасындағы жақында бұзаулайтын екі сиырының түнде ұрланғаны туралы хабарлаған. Бірнеше сағат ішінде аудандық жедел уәкілдер алматылық базарлардың бірінде ұрланған сиыр етін сатқан 4 күдіктіні қолға түсірді.


Топ мүшелерінің барлығы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары болып шықты. Олардың бірі - Балтабай ауылының бұған дейін кісі тонау және ұрлық, оның ішінде мал ұрлығы үшін бірнеше рет сотталған 27 жастағы тұрғыны. Тергеу барысында күдіктілердің малды сойған жерінен жетілген екі бұзаудың өлігі мен сиырлардың басы, терісі және ішек-қарындары табылды. Аталған айғақзаттар тергеу материалдарына тіркелді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта облыста мал және ет өнімдерін саудалауға тексеру жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Ұсталған азаматтардың осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Күдіктілер қамауға алынып, дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Жыл басынан бері облыста мал ұрлығына қатысы бар 60 астам барымташылар тобы құрықталып, олардың 140 жуық мал ұрлығын жасағаны дәлелденген. Полиция қызметкерлері зардап шеккен ауыл тұрғындарының малын іздестіріп, 700 астам малды заңды иелеріне қайтарған.

2019 жылы ветеринарлық қызметпен бірлескен өзара іс-қимыл барысында мал тасымалдау тәртібін бұзудың 656 дерегі анықталып, 277 материал тіркелген. Заң талабын бұзушыларға 8 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынған.

Өзгелердің жаңалығы