Іле ауданында орналасқан құс фабрикасы өртенді. Оқиға орнын барлау барысында ер адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алматы облысының ТЖД мәліметінше, 28 шілде күні М.Түймебаев ауылында құс етінен тағам өнімдерін өндіретін кәсіпорынның асханасынан өрт шыққан. Оқиға орнына дереу қалалық және облыстық ТЖД құтқарушылары жұмылдырылған.
Алғашқы бөлімшелер келген сәтте өрттің үлкен аумақты шарпығаны анықталды. Барлау барысында газ-түтіннен қорғау қызметінің бөлімшесі ер адамның мәйітін тапты. Ашық жалынды өшіруге 42 маман мен 14 техника жұмылдырылды. 450 шаршы метр аумақта өрт толығымен сөндірілді. Жақын маңдағы нысандарға оттың таралуына жол берілмеді, – деп хабарлады облыстық ТЖД.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Аталған дерек бойынша Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің анықтау бөлімі ҚК 292-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Еске сала кетейік, Астанадағы Байқоңыр ауданы, Алаш тас жолы маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында қоқыс өртенгенін хабарлаған болатынбыз. Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрлігі сол қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында шыққан өрттің оқшауланғанын мәлімдеді.