Алматы облысында құрылыс материалдарын шығаратын 5 жаңа зауыт салынады

12 Маусым 2021, 19:05
2219
Бөлісу:
Алматы облысында құрылыс материалдарын шығаратын 5 жаңа зауыт салынады

Алматы, BAQ.KZ. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы облысында алдағы 2 жылда «Самұрық Қазына Construction» АҚ-ның қатысуымен құрылыс материалдарын өндіретін 5 зауыт салынады, соның 2-еуі Талдықорған қаласында орналастырылады. 

Өңір экономикасына 25 млрд теңге инвестиция тартылып, 600-дей тұрақты жұмыс орны құрылады. Инвестициялық жобаларды іске асыру барысы бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың «Самұрық Қазына Construction» АҚ басшылығымен кездесуінде жан-жақты талқыланды.

Минералды жылытқыштар, газбетонды блоктар, қасбет плиталары, керамикалық кірпіштер, есік блоктары және ламинатталған еден плиталары – осының бәрі жуық жылдарда Жетісу өңірінде өндірілетін болады. Бұл өз кезегінде сұранысқа ие құрылыс материалдарының бағасының төмендеуіне, отандық нарықты бәсекеге қабілетті жергілікті өнімдермен толықтыруға, сонымен қатар импорт алмасу мәселесінің оң шешілуіне ықпал етпек. «Самұрық Қазына Construction» АҚ басқарма төрағасы Болатқан Сандықбаев кездесуде осылайша ой бөлісті.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жергілікті атқарушы органдар тарапынан барлық қажетті көмек көрсетілетінін айтты.

Алматы облысы құрылыс көлемі жағынан, яғни тұрғын үйлерді көптеп салу жағынан ерекшеленеді. Сондықтан бізге сапалы құрылыс материалдары аса қажет. Енді құрылыс материалдарының өз өңірімізде өндірілетіндігі - экономикалық маңызды оқиғалардың бірі. Талдықорғанда зауыттарды орналастыруға барлық инфрақұрылымы тартылған индустриалды аймақ дайын тұр. Сондықтан құрылыс жұмыстарына кірісе берулеріңізге болады. Бұл барлық 5 нысанға да қатысты. Біз өз тарапымыздан тиісті көмектерді көрсетеміз, - деді Баталов.

Болашақ зауыттардың өндірістік қуаттылығы туралы айтатын болсақ, мәселен, жылына 7 мың тонна минералдық жылытқыш, 60 мың текше метр газды блоктар, 2 млн шаршы метр ламинатталған еден плиталары, 1,5 млн шаршы метр қасбетке арналған фиброцемент плиталары шығарылады деп жоспарланған. Бұл - өнімнің бір бөлігі ғана.

Атап өтсек, Талдықорғанда газбетон блоктарын және керамикалық кірпіштер шығарылмақ. Бұл зауыттарды мерзімінде іске қосу үшін облыс әкімінің тапсырмасымен жобаларды барлық сатысында «Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ мен облыстық кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармасы қолдайтын болады.

Амандық Баталов жиын соңында жаңа импорт алмасу өндірісі өнеркәсіп саласының дамуына елеулі үлес қосатынын, Алматы облысында құрылыс материалдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жұмыспен қамтуға оң ықпал ететінін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы