Алматы облысында егістік науқанына қызу дайындық жүруде

4 Сәуір 2022, 20:05
2024
Бөлісу:
Алматы облысында егістік науқанына қызу дайындық жүруде

Алматы, BAQ.KZ.  Алматы облысының Панфилов ауданына қарасты Лесновка ауылында тұрғындар 80 гектар тастақ даланың тасын тонналап қолмен теруде. Алдағы уақытта бұл жерге шаруа иесі жүгері екпек. Бұл туралы «Жетісу Медиа» ақпарат алаңы хабарлады.

Қазірдің өзінде 50 гектар даланың тасы теріліп, орнына тыңайтқыштар төгіліп жатыр. 2000-ші жылдан бері пайдаланылмай жатқан жер, кезінде егістік алқап болған. Кәсіпкер Камел Мақсұт құм даланы жайқалтамын деп отыр.

Біз бұл жерді былтыр инвестициялық жобамен алғанбыз. Іргеден канал бойымен су жүреді, тыңайтқыштар бар осыны пайдаланамыз. Сонымен қатар саумалмен емдеу орталығын салып жатырмыз. 30 миллион теңгеге  саумал өңдейтін құрылыс нысанын салдық. Өткен жылы асыл тұқымды 300 жылқы сатып әкелдік. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстар жалғасатын болады, – деп атап өтті кәсіпкер.

Жалпы Панфилов ауданында бойынша ауыл шаруашылық мақсатында 333 мың гектар жер пайдаланылуда. Суармалы жердің 27 мыңға жуық гектары жүгері егістігіне арналған. 
Қазіргі таңда көктемгі егістік науқанына қызу дайындық жүргізілуде. 

Аудан әкімі Марат Сағымбек облыс басшысы Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес өңірде пайдаланылмай жатқан бос жерлерді аудандық жер қорына қайтару жұмыстарын жүргізуде. Қазірдің өзінде 268 гектар жер аудандық жер қорына қайтарылды. 
 

Өзгелердің жаңалығы