Алматы облысында дамбы жарылды

22 Қараша 2021, 09:15
1686
Бөлісу:
Алматы облысында дамбы жарылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысы Жамбыл ауданында орналасқан су бөгеті жарылды. Төтенше жағдайлар министрлігінің дерегінше, судың тасу көлемі секундына 30 кубометр.

Апат 21 қараша күні түнде болды. Жамбыл ауданындағы Книжевская бөгетінің жарылу ауқымы 5-6 метр.

21 қараша күні сағат 23:13-те облыстық ТЖД қызметіне Алматы облысы Жамбыл ауданы Мыңбаев ауылы маңындағы су бөгетінің бұзылғаны туралы хабарланды. Бөгетте 4,47 миллион кубометр су қоры бар. 5-6 метр болатын жарықтан секундына 30 кубометр су кетуде, - деп мәлімдеді ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.

ТЖМ мәліметінше, арна бұзған ағын су Қарғалы өзеніне құйылып, әрі қарай Іле ауданындағы Күрті су қоймасына барып қосылады. Күрті су қоймасында шамамен 120 миллион кубометр су бар.

Су тасқынынан зардап шеккендер мен кісі шығыны жоқ. Ағын су облыстық деңгейдегі Мыңбаев-Қасымбек тасжолын шайып кеткен. Қазір оқиға орнына полиция бекеттері орнатылды.

Ағын судың арыны басылды. Қарғалы өзенін жағалап өту жолдары жасалып жатыр. Әзірге маңайдағы елді мекендерді су басу қауіпі жоқ, - дейді Талғат Уәли.

Оқиға орнында облыстық ТЖД басшысының басқаруымен ТЖМ құтқару қызметінің құрамы мен жергілікті атқару органы мамандары және басқа да мемлекеттік қызметкерлер жұмыс істеп жатыр. Жедел штаб жасақталды.


Өзгелердің жаңалығы