Алматы облысында балалардың қабілетін анықтауға арналған бірегей жоба іске қосылды

13 Қазан 2021, 17:09
10707
Бөлісу:
Алматы облысында балалардың қабілетін анықтауға арналған бірегей жоба іске қосылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Елбасының бастамасымен 2019 жылы «Ел Үміті» бастамасы жүзеге асырылғаны баршаға мәлім. Осы бастама аясында биыл қазан айынан бастап Алматы облысында «Qabilet» қызметі іске қосылды.

Алматы облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Адамбекова мен Алматы облысы «Жетісу дарыны» орталығының директоры Әлішер Башаров «Jetisý Media» алаңында өткен брифингте аталған жобаның ерекшеліктері туралы айтып берді. 

Жобаны «Елбасы академиясы» корпоративтік қоры Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асыратыны белгілі болды. 

Бұл жобаның мақсаты - оқушылардың қабілеттері мен кәсіби бағдарын диагностикалаудың ұлттық жүйесін құру, сондай-ақ дарынды балалар мен жастардың зияткерлік және жеке әлеуетін іске асыру үшін сүйемелдеу және қолдау қызметін ұйымдастыру. Бірінші кезеңде жобаға 10-11 жас аралығындағы оқушылар қатыса алады, олар 5 және 6-сынып оқушылары. Алматы облысы бойынша 5 сыныптың 45 937 оқушысы және 6 сыныптың 47 411 оқушысы білім алуда. Келесі кезеңдерде жасөспірім балалар қамтылады, - деді Адамбекова. 
Оқушылардың қабілеттерін бағалау бойынша тестілер дамыған зияткерлік, коммуникативтік және шығармашылық әлеуеті, сондай-ақ жоғары академиялық жетістіктері бар балаларды әрі қарай білімдік сүйемелдеу және кәсіби бағдарлау мақсатында анықтауға арналған. 

Ал диагностика мен қабілеттерді анықтау «Жетісу дарыны» оқу-әдістемелік орталығының базасында және Елбасы академиясының qabilet.elbasyacademy.kz онлайн платформасында жүзеге асырылады.

Осы оқу жылында сайтта тек 10-11 жастағы балалар тіркеліп, тест тапсыра алады. Сондай-ақ ЖСН білу және өзімен бірге қолданыстағы телефон нөмірі болуы қажет, онда сайтта тіркелгенін растайтын СМС хабарлама келеді. Сайттың төменгі бұрышында қиындықтар туындаған кезде хабарласуға болатын Call орталықтың және чат-кеңесшінің телефоны көрсетілген.

«Qabilet» қызметі біздің аймақтағы балалардың қабілеттерін жүйелі түрде анықтауға, олардың таланттарын шыңдауға және болашақ мамандығын дұрыс таңдауға көмектеседі. Біздің аймақтың барлық білім беру мекемелерінің басшылары мен ата-аналарына осы қызықты жобаға назар аударуды, ол туралы өз оқушылары мен балаларына міндетті түрде айтып беруді ұсынамын, - деді Әлішер Башаров.

Өзгелердің жаңалығы