Алматы облысында ауыл шаруашылығының үздіктері анықталды

4 Желтоқсан 2019, 22:25
7427
Бөлісу:
Алматы облысында ауыл шаруашылығының үздіктері анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Заманауи агротехнологияны қолданудың арқасында жоғары өнімділікке қол жеткізген Іле ауданындағы «Оңалбаев» шаруа қожалығы мен Талғар ауданындағы «Байсерке-Агро» ЖШС Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің үздіктері ретінде марапатталды.

Ауыл шаруашылығы озаттарына "МТЗ-82.1" жаңа тракторының кілттері тапсырылды. Бұл туралы бүгін Талдықорғанда І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күнінде белгілі болды, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

EDM_7534.JPG

Облыстың тауар өндірушілерінің көрмесі Мәдениет сарайының фойесіне қойылды. Көрмеде өңірде шығарылатын сүт, ет өнімдерінің түрлері, көкөніс пен жеміс-жидек, қант, бал, ұн т.б. өнімдер ұсынылды.

Алматы облысы әкімінің атынан мерекемен облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров құттықтады. Ол өз сөзінде облыстың ауыл шаруашылығындағы жетістіктеріне тоқталып, алдағы жоспарлар жайлы айтты.

EDM_7487.JPG

Мәселен, "KUSTO GROUP" компаниялар тобы облыс аумағында бір мезгілде 100 мың басқа дейін мал ұстайтын  ірі 10 мал бордақылау алаңдарын ашуды жоспарлаған. Ал Ақсу ауданында Ақсу қант зауытында қызылша сығындысын кептіріп, орайтын құрал-жабдықтар орнатылды, бұл мал азығына таптырмас азық есебіндегі сығындыны 2 жыл сақтауға мүмкіндік береді.

EDM_7219.JPG

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, мал саны мен өнім өндіру өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 4,5 % өскен. Облыста 102 мал бордақылау алаңы, әсіресе асыл тұқымды мал бордақылау алаңдарының ашылуы осындай нәтижеге жеткізді. Ал өсімдік шаруашылығында дәнді дақылдар алқабы 7 мың гектарға ұлғайтылып, жалпы көлемі 961 мың гектарды құрады. 1,4 млн. тонна өнім жиналып, шығымы орта есеппен 31 ц/га жетті. Мәселен, жүгерінің шығымы 67 ц/га болып, 550 мың тонна өнім жиналды.

Қабылданған шаралардың арқасында жыл соңына қарай ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 780 млрд. теңгеге жетеді. Бұл – айқын көрсеткіш. Біздің бүгінгі міндетіміз – Елбасының агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2,5 есеге арттыруды қамтамасыз ету туралы тапсырмасын орындау. Ол үшін бізде барлық жағдай бар: жайлы климат, суармалы жерлер, жеткілікті көлемдегі мал басы мен құс саны, өңдеу өнеркәсіптері, сату нарығының жақындығы, және ең бастысы Жетісу өлкесінің еңбексүйгіш халқы – біздің басты байлығымыз. Біз бірлесіп еңбек ету арқылы бұдан да зор табыстарға жетеміз деп ойлаймын. Барша ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне мықты денсаулық, қажырлы қайрат, молшылық пен табыс тілеймін! – деді С. Бескемпіров.

Осы жиында облыстағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің үздігі атанған Іле ауданындағы "Оңалбаев" шаруа қожалығы мен Талғар ауданындағы "Байсерке-Агро" ЖШС жетекшілеріне "МТЗ-82.1" жаңа тракторлары берілді. Осы аталымда екінші орынды Қарасай ауданындағы "Оңтүстік" агропаркі мен Кеген ауданындағы «Мәди» шаруа қожалығы иеленді. Оларға тиісінше 600 және 500 мың теңгенің сертификаты берілді. Үшінші орынға лайық деп танылған көксулық "Балпық" және Райымбек ауданындағы "Өркен" ШҚ-ға 500 және 400 мың теңгенің сертификаттары тапсырылды.

EDM_7209.JPG

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізуге белсене қатысқан облыстың аудан, қалалары да назардан тыс қалған жоқ. Бұл орайда бірінші орынды Қарасай ауданы, ауылдық округтер арасында Панфилов ауданының Пенжім ауылдық округі иеленді. Сол сияқты Алакөл, Балқаш аудандары мен Қапшағай қаласының, Үлкен Ақсу, Түрген, Бақтыбай, Қарашілік ауылдық округтерінің еңбектері атаусыз қалған жоқ. Оларға ынталандыру сыйлығы ретінде 100 мыңнан 450 мың теңгеге дейінгі ақшалай сыйлықтың сертификаты ұсынылды.

EDM_7245.JPG

"Текелі сүт зауыты" ЖШС, күріш өсіретін "Тамшыбұлақ" ЖШС және жеміс-жидек пен шарап шығаратын "Голд продукт" АҚ үздік кәсіпорындар қатарынан көрінді.

EDM_7207.JPG

Сол сияқты ауыл шаруашылығындағы ерекше еңбегі үшін бірқатар азаматтар «Еңбек ардагері» медалімен, "Ауыл шаруашылығы саласының үздігі" төсбелгісімен марапатталды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің және облыс әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды. Барлығы 70-тен астам азамат марапатқа ие болды.

EDM_7317.JPG

Салтанатты жиында "Ақмол" сервистік-дайындау орталығының басшысы Берік Тынышбаев, "Байсерке Агро" ЖШС жетекшісі Мұрат Ашрафұлы, Қазақ Егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының профессоры, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Ғалиолла Мейірман сөз алып, мерекелік лебіздерін білдірді.

EDM_7232.JPG

М. Ашрафұлының айтуынша, ауыл шаруашылығында жаңа технологияны қолдану еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімінің сапасын да арттырды. Мәселен, "Байсерке Агро" ЖШС ауыл шаруашылығы ғалымдары мен өндірушілердің басын біріктіріп, бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істеуіне мұрындық болып отыр, сол сияқты отандық, ТМД аумағындағы және шетелдік ғалымдармен белсенді жұмыс істейді. Агрохолдинг негізінен мал шаруашылығына, өсімдік шаруашылығына, алынған өнімді тереңнен өңдеуге, жылыжай шаруашылығына, омарташылыққа маманданған. Мәселен, шаруашылықтағы сүт өндірісінің жылдық өнімі 3,8 - 4 мың тонна, ал биылғы жылы өсімдік шаруашылығы бойынша ректордтық көрсеткішке жеткен. Атап айтқанда, соя өсіру 79 ц/га, тамшылатып суару арқылы өсірілген жүгерінің шығымы - 185 ц/га.

EDM_7206.JPG

Ауыл шаруашылығындағы инновация туралы Қазақ Егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының профессоры, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Ғалиолла Мейірман айтып берді.

EDM_7227.JPG

Өз кезегінде агротехнологияны қолдану тәжірибесі туралы Б. Тынышбаев баяндады. Мысалы, Ақсу ауданындағы "Ақмол" СДО облыс әкімінің тапсырмасымен 2018 жылы құрылған, соның арқасында "Жетісу" ӘКК арқылы жеңілдікпен жалпы сомасы 204 млн теңгеге 11 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. СДО алаңдарын құру арқылы қант қызылшасының алқабы 10-нан 110 гектарға ұлғайтылды. Биылғы жылы әр гектарынан 600 центнерден өнім алынды.

Өзгелердің жаңалығы