Іле аудандық прокуратурасы түнгі уақытта алкоголь өнімдерін сатуға қойылған шектеулерді бұзатын сауда орындарын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Қадағалау органының мәліметінше, жыл басынан бері аудан аумағында алкоголь өнімдерін белгіленген талаптарды бұза отырып сатудың 74 дерегі тіркелген. Барлық кінәлі тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылған.
Рейдтік іс-шараларға мемлекеттік органдар қызметкерлерімен қатар «Ілежастары» жастар қозғалысының өкілдері де белсенді қатысуда.
Прокуратура өкілдері сағат 21:00-ден кейін құрамында спирті жоғары алкогольдік ішімдіктерді сатуға тыйым салынғанын еске салды. Соған қарамастан кейбір сауда нысандары заң талаптарын бұзуды жалғастырып келеді.
Сонымен бірге жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр. Бұрын бір рейд барысында онға дейін заңбұзушылық анықталса, қазір олардың саны бір-екі жағдайға дейін азайған.
Прокуратураның мәліметінше, қабылданып жатқан шаралардың оң әсерін аудан тұрғындары да байқап отыр. Түнгі уақытта алкоголь өнімдерін заңсыз сатуды анықтау және оның жолын кесу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.