Алматы облысында алдағы жылыту маусымына 13,7 млрд теңге бөлінді

2 Тамыз 2021, 11:45
4014
Бөлісу:
Алматы облысында  алдағы жылыту маусымына 13,7 млрд теңге бөлінді

Алматы, BAQ.KZ. 2021-2022 жылғы жылыту маусымына дайындыққа және оны үздіксіз өткізу үшін Алматы облысында бюджеттен 13,7 млрд теңге қарастырылған, соның 3,3 млрд теңгесі жылумен қамту нысандарын жөндеуге, 10,4 млрд теңгесі отын сатып алуға бөлінді. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметінше, жылыту маусымын сапалы өткізу үшін 35 орталық қазандық, 58,2 км жылу желісі, 13,5 мың км электр желісі, 3101 бірлік трансформаторлық қосалқы станса дайындалуда. 

Бюджеттік сала нысандары үшін 26,2 млн литр дизель отынын сатып алуға бюджеттен 5,2 млрд теңге бөлінген. Қазіргі кезде бюджеттік мекемелер үшін отын жеткізу жұмыстары басталды. 

Энергия өндіруші мекемелер үшін 405,3 мың тонна көмір, 15 мың тонна мазут дайындау жоспарланған.
Сол сияқты халықты көмірдің қажетті көлемімен уақтылы қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте көмірдің қажеттілігі - 1,37 млн тонна. Бүгінгі таңда тұрғындарға 202,5 мың тонна көмір сатылды, 94,1 мың тонна көмір қоймаларда бар. Жергілікті әкімдік тұрғындарға көмірді ерте кезден сатып алу туралы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде,-делінген хабарламада. 
Сонымен қатар облыста қазандықтарды газға ауыстыру, блокты-модульді қазандықтар орнату жұмыстары жүйелі түрде жалғастырылуда.
Өзгелердің жаңалығы