Алматы облысында 800-ден астам көлікті заңсыз тіркеген қылмыстық топ сотталды

17 адам 2 жылдан 11 жылға дейін сотталды. Заңсыз схема салдарынан мемлекетке 6,6 млрд теңгеден астам шығын келген. Алайда істің бұдан да қызық тұстары бар.

26 Тамыз 2026, 09:26
АВТОР
 Астана қаласының ПД баспасөз қызметі 26 Тамыз 2026, 09:26
26 Тамыз 2026, 09:26
109
Фото: Астана қаласының ПД баспасөз қызметі

Алматы облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 17 мүшесі 800-ден астам көлікті тіркеу есебіне заңсыз қойғаны үшін сотталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

Сот олардың әрқайсысына қылмыстағы рөлі мен қатысу деңгейіне қарай 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Мемлекетке төленбеген тіркеу және утиль алымдарының жалпы сомасы 6,6 млрд теңгеден асты.

Тергеу барысында ҚМА-ның Алматы облысы бойынша департаменті қылмыстық топтың екі жыл бойы белгіленген талаптарды айналып өтіп, автокөліктерді заңсыз тіркеумен айналысқанын анықтады.

Алғашқы кезеңде схемаға қатысушылар техникалық регламент талаптарын бұза отырып Қазақстанға әкелінген 642 жүк көлігін заңсыз тіркеген.

Кейін қылмыстық әрекет жеңіл көліктерге қатысты «қосар көліктерді тірілту» деп аталатын схема бойынша жалғасқан. Заңсыз әкелінген көліктерге Қазақстанда бұрын тіркеліп, кейін есептен шығарылған көліктердің VIN-кодтары берілген. Осы тәсілмен тағы 209 көлік тіркелген.

Заңсыз схемаға полиция қызметкерлері, мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері және жеке нотариустар қатысқан. Олар ақпараттық жүйелерге жалған мәлімет енгізуді және жалған тұлғаларға сенімхат рәсімдеуді қамтамасыз еткен, - делінген ҚМА хабарламасында.

Төленбеген тіркеу алымының сомасы 5,4 млрд теңгені, утиль алымы 1,2 млрд теңгені құрады.

Тергеу барысында көлік иелері алғашқы тіркеу алымдарын өз еркімен төлеп, нәтижесінде мемлекетке 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Сонымен қатар сот үкімімен сотталғандардың қылмыстық табысқа сатып алған бес автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді.

Бұрынғы төрт полиция қызметкері арнайы атақтарынан айырылды. Қатысы бар нотариустарға сот нотариаттық қызметпен айналысуға тыйым салды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Наверх