Алматы облысында 6 жаңа мектеп ашылды

1 Қыркүйек 2021, 18:16
11329
Бөлісу:
Алматы облысында 6 жаңа мектеп ашылды

Алматы, BAQ.KZ. Білім саласының тамырына нәр бітті. Бойына қан жүгірді. Оқу ордасының жүрегі болған ұстаздар мен оқушылар қайтадан табысты. Мерекелік фанфарлар шырқалып, барлық сынып қатарға тұрғызылуда. Осылайша, Талдықорған қаласындағы Абай атындағы №1 мектеп-гимназиясында білім күніне арналған салтанатты жиын басталды.

Ұзақ қашықтан оқытудан кейін демалып, оқушылар мектеп ауласына қайта жиналды. Балалар сыныптастарымен және сүйікті мұғалімдерімен көптен күткен кездесуге қуанды.

Бірінші қыркүйек бірінші сынып оқушылары үшін ерекше күн, олар алғаш рет жаңа білім әлеміне енеді. Абай атындағы №1 мектеп-гимназиясының есігі күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды, биыл мектеп өз оқушыларын 48-ші рет қарсы алды. Бірінші сыныпқа №1 мектепке 174 бала қабылданды, олармен бірге биыл алғаш рет облысымыздың 50 мыңға жуық бірінші сынып оқушылары партаға отырады.
Мектеп-гимназиясының директоры Самғат Долаев ата-аналарды, оқушылар мен педагогикалық ұжымды көптен күткен оқиғамен құттықтады.

Бүгін Білім күні, жаңа оқу жылының басталуы. Оқушылар мен мұғалімдерге жаңа оқу жылы барлығына жемісті және білім мен жетістіктерге бай болсын деп тілеймін! Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында өткен жылы мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Наурызда біз жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтауымыз керек еді. Бірақ әр түрлі себептермен жөндеу жұмыстары мерзімінен кеш аяқталды. Деседе, білім күніне үлгердік. Мұғалімдер де, ата-аналар да риза, - деді мектеп директоры құттықтау сөзінде.

Айта кетейік, Алматы облысында жаңа және сапалы жабдықталған мектептердің құрылысы жалғасуда. Бұл мәселеде ауылдық жерлерге ерекше көңіл бөлінеді. Облыс бойынша барлығы алты жаңа мектеп қолданысқа берілді.

Білім күні Бірінші қыркүйек күні Алматы облысының Іле ауданыны Қарой ауылында 900 орынға есептелген, Боралдай кентінде 300 балаға арналған және Қосөзек ауылында 600 орындық үш жаңа мектеп салтанатты түрде есігін айқара ашты.

Сондай-ақ, Панфилов ауданы Аққұдық ауылының оқушылары үшін 120 орындық жаңа мектепте қоңырау соғылды. Мектеп 2736,84 шаршы метр аумақты алып жатыр. Оқу орнында 28 оқытушы жұмыс істейтін болады.

Қарасай ауданының Батан ауылындағы 450 орындық жаңа оқу орнының іші балаларға толды. Ескелді ауданының Абай ауылындағы 25 балаға арналған мектепке дейінгі шағын орталығы бар 180 орындық орта мектептің құрылыс жұмыстары аяқталды. Жаңа оқу орнында спортзал, асхана және техниканың соңғы нұсқасы бойынша жабдықталған ондаған кабинет бар. Жаңа оқу орнының құрылысына облыстық бюджеттен бір миллиардтан астам теңге бөлінді. "Талас-құрылыс" мердігерлік ұйымы нысанды мерзімінде аяқтап, оны жергілікті ауыл тұрғындарының қуанышына орай пайдалануға берді. Мектеп ғимараты жертөле, екі қабат және 9 блоктан тұрады.

2021 жылдың соңына дейін 2700 орындық тағы 3 мектептің құрылысы аяқталуы тиіс. Бүгінгі таңда олардың құрылысы Іле ауданының Жапек батыр ауылында, Қарасай ауданының Үштерек ауылында және Талғар қаласында жүргізілуде.

Биылғы жылы күрделі жөндеу 19 мектепте жүргізіліп жатқанын атап өту маңызды. Оқу жылы басталғанға дейін 9 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. 2021 жылдың соңына дейін облыстың тағы 9 мектебіне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.

Айта кетейік, алдағы оқу жылы қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптармен өтеді. Вирустың балалар арасында таралуын болдырмау үшін барлық мектептер қауіпсіздік шараларын ұстанады. Алматы облысы білім басқармасының мәліметінше, 52 мыңнан астам мұғалім коронавирусқа қарсы вакцина алған.

Өзгелердің жаңалығы