Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Алматы облысында 40 гектар жер өртенді: ТЖМ күштері өртті сөндірді

3 Тамыз 2025, 18:47
727
Бөлісу:
 Видеодан кадр
Фото: Видеодан кадр

Бүгін Алматы облысының Қарасай ауданындағы таулы аумақта құрғақ шөп пен бұталар өртенгені туралы хабарлама облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 112 пультіне келіп түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқиға орнына Алматы облысы және Алматы қаласы ТЖД, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, жергілікті атқарушы органдар және ҚР ТЖМ 28237 әскери бөлімінен 100-ден астам қызметкер мен 20-дан астам арнайы техника жұмылдырылды.

Сондай-ақ өртті сөндіру жұмыстарына ҚР ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы тартылып, су төгетін құрылғы арқылы 8 рет су ағызу жүргізілді. Нәтижесінде жалпы көлемі 24 тонна су пайдаланылды.

Өртті сөндіру жұмыстары таулы бедердің күрделілігімен, кіреберіс жолдардың болмауымен және биік өсімдіктердің тығыз орналасуымен қиындаған. Алайда мамандардың үйлесімді әрекетінің арқасында өрт толық сөндірілді.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің жалпы аумағы 40 гектарды құраған. Зардап шеккендер жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Өзгелердің жаңалығы