Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтауға және өңдеуге арналған жаңа кешен жұмысын бастады7.
"QazEcoDan" кәсіпорны дәнді және майлы дақылдарды қабылдап, тазалау, кептіру және сақтау жұмыстарын жүргізеді. Жаңа нысан бір мезетте 30 мың тоннаға дейін өнім сақтауға мүмкіндік береді. Кешен Германияның технологиялық жабдықтарымен жарақтандырылған, ал астық сақтайтын силостар Испаниядан жеткізілген. Кәсіпорынның ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, ауыл шаруашылығы мамандары, жергілікті тұрғындар мен ақсақалдар қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы өндірісін арттырып, салаға инвестиция тартуға басымдық беріп келеді. Бүгін ашылған кәсіпорын осы бағыттағы жұмыстарға үлес қосады. Ауданның аграрлық саласын дамытуға атсалысқан инвесторлар мен еңбек ұжымына алғыс білдіремін. Жоба ел игілігіне қызмет етеді деп сенеміз, – деді облыс әкімі.
Кешеннің көлік-логистикалық мүмкіндігін арттыру үшін ұзындығы шамамен 3 шақырым теміржол желісін салу жоспарланған. Жоба жүзеге асса, астықты тасымалдау жеңілдеп, өнімді ішкі және шетелдік нарықтарға жеткізу жылдамдайды.
Кәсіпорында өңделіп, сақталған астықты Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан және басқа да елдерге экспорттау көзделіп отыр. Қазіргі уақытта кешенде 30 адам тұрақты жұмыс істейді. Инвестициялық жобаның жалпы құны 21 млрд теңгені құрайды.