Жобаның құны – 18,1 млрд теңге. Кәсіпорын жылына 12 мың тоннаға дейін жеміс-көкөніс өнімін өндіруге және сақтауға мүмкіндік береді.
Жобаны "Alatau Green Production" компаниясы жүзеге асыруда. Кешеннің жалпы аумағы 16 гектар болса, соның 8 гектарына өнімділігі жоғары көкөніс дақылдарын өсіруге арналған жылыжайлар орналастырылады.
Кәсіпорын құрамында көкөністерді ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік беретін қоймалар мен қажетті инженерлік инфрақұрылым да қарастырылған. Бұл маусымдық өнімнің сапасын сақтап, ішкі нарыққа тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін өңірде 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Инвесторлардың болжамынша, кәсіпорын Алматы облысының экономикасына айтарлықтай үлес қосып, өңірдің жалпы өнімін жыл сайын 8–10 млрд теңгеге арттыруы мүмкін. Сонымен қатар өндіріс көлемінің өсуі, сақтау жүйесінің жақсаруы және делдалдар санының қысқаруы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын шамамен 10%-ға төмендетуге ықпал етеді деп күтілуде.
Қазір Алматы облысында 87,2 гектар аумақта 49 жылыжай шаруашылығы жұмыс істейді. Өткен кезеңде оларда 15,9 мың тонна өнім өндірілген. Оның ішінде 9,3 мың тоннасы қызанақ, 5,8 мың тоннасы қияр және 0,8 мың тоннасы көк шөп.
Жылыжайларда өсірілген өнімнің басым бөлігі Алматы қаласы мен облыс тұрғындарына жеткізіледі. Сонымен бірге жергілікті кәсіпорындар шетелге де өнім экспорттап отыр. Экспорт көлемі 1 434,3 тоннаға жеткен.